Қызылорда қаласында «Аға ұрпақ өнері – жастарға аманат» атты суретшілердің халықаралық симпозиумы өтті. Шежірелі өңірдің тарихы мен табиғатын, құндылықтары мен байлығын көркемсурет арқылы паш ету мақсатындағы шараға 20 суретші қатысты.
Суретшілер он екі күн Сырдың бойындағы тамаша көріністі қағаз бетіне бейнелеп, айналадағы көз тоймас кереметті қылқаламмен жеткізді. Түкті кілемдей құлпырған жота, сылдырай аққан бұлақ, жасыл құрақ сырлы бояумен суреттелді. Асқан шеберлікпен, терең қиялмен, ойлы, мағыналы бұл суреттер өңір тарихында қалады.
Нұрлан Шилібаев, ҚР Суретшілер одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы:
Даладағы натюрморт дейді. Кең даламыздағы қараша үйлер, киіз үй, оның алдында тұрған келі-келсап, тағы бір туынды- даланың, киіктің көрінісі. Киік табиғатпен етене болып кеткен. Біздің сұлу мүсінді киігімізді ұрпақ көруі керек.
Халықаралық симпозиумға отандық қылқалам шеберлерінен бөлек Өзбекстан, Қырғызстан, Ресейдің бейнелеу өнерінің өкілдері қатысты. Аға буын мен жастар өзара тәжірибе алмасып, шеберлігін шыңдап, нәтижелі кездесу болды. Майталман суретшілер жастарға бейнелеу өнеріндегі жаңалықпен пластикиалық шешімдерді, формаларды үйлестіру жолдарын көрсетті. Қорқыт ата кешенінде болды, Қамбаш көлінің көркем көрінісін бейнеледі. Керемет туындылар пайда болды.
Жамбыл Нәтбаев, ҚР Суретшілер одағының жауапты хатшысы:
Қамбаштың табиғаты өте керемет. Туризм бойынша айтқанда, Тайланд, Малайзия деп жатамыз ғой, олардан түк кем емес. Суреттен де көрсеңіз болады. Ашуға тырыстық, аштық деп ойлаймыз.
Көздің жауын алар картиналар, кенеп бетіне бейнеленген керемет көріністер галлерея қорына табысталды. Ал облыстық көркемсурет галлереясы енді Сыр елінің азаматы, белгілі кескіндемеші, график-суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Салихитдин Айтбаевтың есімімен аталады.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ