Шет елдерден келген Димаштың фанаттары Нұр-Сұлтанға келіп, қаланың көрікті жерлерімен танысып жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шет елдерден келген Димаштың фанаттары Нұр-Сұлтанға келіп, қаланың көрікті жерлерімен танысып жүр

28.06.2019

Димаш Құдайбергеннің Елордадағы «Арнау» атты кешіне 1 күн қалды. Әлем бойынша миллиондаған жанкүйері бар әнші бас қалада дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. АҚШ, Австралия, Жаңа Зеландия, Еуропа елдерінен келген фанаттар бірнеше күн бұрын Нұр-Сұлтанға табан тіреп, қаланың көрікті жерлерімен танысып жүр.

 

Фариза Мұсақызы, тілші:

 

Кешкі 10:30 болды. Мына автобустармен әлемнің 61 елінен келген Димаштың 80-ге жуық жанкүйері Нұр-Сұлтан қаласын араламақ.

 

Джа Ли, Димаштың жанкүйері /АҚШ/:

 

АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында тұрамын. Бас қаланы алғаш рет көруім. Димаштың шығармашылық кеші үшін арнайы келдім. Көпшілікке таратайын деп, оның мынандай суреттерін де шығарып алдым. Димашты қатты жақсы көремін. Ол қай жерде концерт өткізсе, мен сонда барамын.

 

Өздеріңіз көріп тұрсыздар, жанкүйерлердің арасында жастар да, үлкен кісілер де көп. Автобуста олар үшін арнайы жағдай жасалған. Тіпті, Димаш бейнеленген арнайы су да шығарылыпты. Сонымен, сапарымызды бастайық.

 

72 жастағы Деанна Зани да  - Димаш Құдайбергеннің жанкүйері. Италияда тұратын британдық қазақ әншісінің Мәскеу, Лондон және Қытай  еліндегі концерттерінің бірінен де қалмаған. Осыдан бір жыл бұрын қатерлі дертке шалдыққан, ол — «Димаштың әнін тыңдап жүріп емделдім»,- дейді. Венециядан Нұр-Сұлтанға Стамбұл арқылы ұшып, алыс жолды еңсерген кейуана Ақтөбеге де ат басын бұруды жоспарлап отыр.

 

Деанна Зани, Димаштың жанкүйері /Италия/:

 

Қазақ, орыс, қытай тілдерін түсінбесем де, Димаш қатысқан барлық бағдарламаны қарап шықтым. Оның үстіне, Димашты көп көрсететін телеарна – Qazaqstan» арнасының  мобильді қосымшасын жүктеп алдым. Сіздің арнаңызды көп көремін. Бір байқағаным, көшелерде  Димаш туралы жарнама аз. Қазақстандықтар оны жоғары деңгейде  бағаламайтын сыңайлы.

 

Экскурсияға шыққандардың әрқайсының оқиғасы әр түрлі. Бірі — Димаштың әнін тыңдап, депрессиядан шықтым десе, екіншісі, оның тәрбиесіне, өзін-өзі ұстауы мен мәдениеттілігіне тәнті.

 

Былтыр Димашқа Қазақстан туризмінің елшісі сертификаты табысталған-ды. Расымен де бір концерті арқылы  елге мыңдаған турист тартқан әнші мұндай құрметке лайық екеніне көзіміз жетті.

 

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

 

 

 

 

Хабарламаларға жазылу