Маусымның 29-ы Елордада өткен Димаштың «ARNAU» атты жеке өнер кешіне көрермендер жоғары баға беріп жатыр. 35 мың адамды бір сахна алдына жинаған концерт еліміздегі ең ірі байланыс операторларының бірі «Kcell» компаниясының қолдауымен өтті. Дүниенің түкпір-түкпірінен келген өнерсүйер қауым қол соққан дүлдүліміздің дүбірлі кешін тағы бір рет еске алайық.
«Дайдидаудан» басталған дара жолы бар Димаш бұл кеште қазақ, ағылшын, италия, орыс тілдерінде 27 ән орындады. Бауыры Мәнсұрмен қосылып, домбырамен «Адайды» күмбірлетті. Гитарамен де ән шырқады. Тіпті, дауылпазда да ойнап, даусыз шеберлігін көрсетті.
Қазақ баласының концертіне Жаңа Зеландия, Америка, Қытай, Еуропа елдері сынды ғаламның 64 мемлекетінен 10 мыңнан аса көрермен келді. Олардың арасында Димаш дүниенің қай жерінде ән шырқаса, сол жаққа еріп жүретін топ бар.
Мариа, Димаштың жанкүйері /Португалия/:
Португалиядан Қазақстанға Димаш үшін келдім.. Әншінің өнерін жоғары бағалаймын. Оның бірнеше әнін қазақ тілінде де жаттап алдым. Димаштың қоңыр дауысы ауырғанда жанға дауа. Біз оны отбасымызбен тыңдаймыз.
Димаш өзінің «Арнау» концертінде құйрықты жұлдыздай жарқ етіп, өмірден өткен мұз айдынның мұзбалағы Денис досына да ән арнады.
Өзін тәрбиелеп өсірген атасы мен әжесін, нағашы әжесін де ұмытпады. Әке-шешесіне сый-құрметін көрсетті.
Димаш Құдайберген, әнші:
Мені бәрі қошеметке бөлеп, жақсы көреді. Кейде мен осыған лайықтымын ба, әлде лайықты емеспін бе деп ойлаймын. Бала кезімде дәл осылай болуын армандайтын едім. Ата-анама ән арнап, орнынан тұрғызып, алғыс айтуды армандадым.
«Kcell» сынды ірі компанияның қолдауымен өткен концерт жоғары деңгейде ұйымдастырылды. «Төрт құбыласы түгел» өнер кешінде Димаш Құдайберген халқымызды әлемге тағы бір танытты, мойындатты. Ал кештің телевизиялық нұсқасын біздің арнаның эфирінен 6 -шілдеде сағат 21:00-де тамашалай аласыз.
Фариза МҰСАҚЫЗЫ