«Славян базары» ән байқауында бас жүлдені жеңіп алған Әділхан Макинді Мәдениет және спорт министрі құттықтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Славян базары» ән байқауында бас жүлдені жеңіп алған Әділхан Макинді Мәдениет және спорт министрі құттықтады

17.07.2019

 Кеше ғана «Славян базары» халықаралық ән байқауында бас жүлдені жеңіп алған Әділхан Макинді бүгін Мәдениет және спорт министрі құттықтады. Ақтоты Райымқұлова жас әншіге өзінің ыстық ықыласын білдіріп, шығармашылығына табыс тіледі. Сондай-ақ Украинада өткен «Молодая Галичина» ән додасында өнер көрсетіп, жеңімпаз атанған студенттерді марапаттады.

Әділхан - Петропавлдың тумасы.Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенті. Ол «Славян базарына» дейін де бірнеше халықаралық байқауда жеңіске жеткен. Телевизиялық шоулардан да қалыс қалған емес. Ал «Славян базары» ән сайысына қатысу оның көптен күткен арманы еді. 

 

Янис Кайсиди, вокал бойынша ұстаз:

  

 

Ол бірінші курсқа қабылданғаннан мен «Славян базарына» қатыскым келеді деді. Сөйтіп дайындықты бастап кеттік. Екі жыл қатарынан іріктеуден өтпей қалдық. Биыл өттік және жеңдік. Бұл оның еңбекқорлығының арқасы. Себебі ол күніне 3-4 сағат дайындалады. Байқауда ол өзінің эстрадалық, классикалық және тамақпен ән айту шеберлігінің арқасында басқалардан ерекшеленді.

 

«Славян базары» ән додасына түскен қазақстандық әншілердің көбі жеңіспен оралды. Төрт жыл бұрын Димаш та өз бәсекелестеріне шаң қаптырмай кетіп еді. Жерлестерінің жетістігі Әділханды ерекше жігерлендіріпті.  

 

Әділхан Макин, «Славян Базары» байқауының бас жүлдегері:

 

Түгел ойымды дайындыққа жәбердім. Бәрі қыдырып кетсе мен қонақжайда қалып, ұйықтап «связкаларым» демалсын деп, тұрамын да  ұстазыммен дайындаламын. Таңертең тұрып жүгірдім. Жүрегімді салып дайындалдым.

 

Халықаралық ән сайысына 16 елден өнерпаз қатысқан. Әділханның әншілігінен бөлек әртістік және тамақпен ән айту шеберлігі де қазылар алқасын тамсандырыпты.

 

Асхат Маемиров, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры:

 

Айтулы әншілердің ортасында өзінің болмысын көрсету, өзінің стилін, өзіне тән шығармашылық келбетін көрсету  біздің Әділханның қолынан келді. Қазір Әжділхан өзінің бабында. Халықаралық байқаулар, фестивальдер жас әншіні шыңдайды. 

 

Сол үшін Әділханды Димаш қатысқан Қытайдың  I am a Singer жобасы мен Америкадағы The World's Best байқауына қатыстыру жоспарланып отыр. Ал жас әнші  елдің сенімін ақтау үшін күні-түні дайындаламын деп отыр.

 

 

Сәуле АЛДАМҰРАТ

 

 

 

 

 

 

 

 

Хабарламаларға жазылу