Ресейлік беделді «Спорт-Экспресс» басылымы Сочиде өтетін қысқы Олимпиада ойындарында жалпы есептегі елдердің рейтингісі мен жүлде алатын спортшылардың тізімін жасады.
Басылымның болжамы бойынша, Қазақстан құрамасы 2 алтын және 1 қола еншілеп, жалпы есепте 17 орынға ие болмақ. Мамандар шаңғышы Алексей Полторанин екі алтын алады деп топшылап отыр. Қазақстандық спортшы 15 және 50 шақырымдық қашықтықта топ жаруы мүмкін.
Ал қола жүлдені 1000 метрлік қашықтықта конькимен жүгіруден Денис Кузин еншілейді, дейді сарапшылар.
Ал жалпыкомандалық есепте АҚШ спортшылары (14 алтын, 12 күміс, 5 қола) жеңіске жетеді. Екінші орынға Норвегия (14 алтын, 11 күміс, 9 қола), үшінші орынға Ресей (10 алтын, 10 күміс, 14 қола) орналаспақ.