Бірінші спорттық мемлекеттік «KAZsport» телеарнасы Сочи жерінде өтетін Қысқы Олимпиада ойындарын толық нұсқада көрсету құқығына ие болды. Осылайша көрермен қауым ел намысын қорғайтын қазақстандық спортшылардың ойындарын тікелей эфирде тамашалауға мүмкіндік алды. Қалың жанкүйерге жарыс барысында орын алған қызықты сәттер мен жарыс атмосферасын толығымен жеткізу ушін 13 білікті спорт комментаторы Алматы мен Астана қалаларында күні-түні қызмет атқаратын болады. Сондай-ақ Диас Ахметшәріп бастаған «KAZsport» телеарнасының үш түсіру тобы Сочиге аттанады. Тельмұхамет Күдеров, Индира Бектенова, Нұрбол Жәмшітов және Бағдат Сүлейменовтер спортшылар мен бапкерлердің басы-қасында жүріп, ақпаратты көрерменге бірінші болып жеткізіп тұрады.
Диас Ахметшәріп, «KAZsport» телеарнасының директоры:
Олимпиада ойындары – спорт әлеміндегі ең ірі додалардың бірі болып есептеледі. Біз өте қуаныштымыз. «KAZsport» арнасы осы ірі жобаға тікелей байланысты. Біздің эфирден барлық жарыстар өтеді. Дайындық өте жоғары деңгейде. Аздап қобалжу да бар. Көрермендер қалай қабылдайды деген сияқты. Дегенмен де, алты айды қорытындылайтын болсақ, біраз межеге қол жеткіздік деп ойлаймыз. Сол сияқты біздің әріптестеріміздің барлығы білікті мамандар. Режиссерларымыз, комментаторларымыз Сочи Олимпиадасына тыңғылықты дайындалуда.