Бүгін Дүниежүзілік бокс сериясы бәсекесі аясында «Астана арландары» сырт алаңда «Мехико Гуэррерос» командасымен кездеседі. Жекпе-жекке шығатын боксшылар белгілі.
52 келі. Элиас Эмигдио - Мирас Жақыпов
Мексика командасының бас бапкері 52 келі салмақта Элиас Эмигдионы шығаруды ұйғарыпты. Дүниежүзілік бокс сериясының жобасы басталғалы бері үзбей қатысып келе жатқан Эмигдио өте тәжірибелі боксшылардың бірі. Осыған дейін 15 жекпе-жек өткізіп, соның 12-ісінде жеңіске жеткен, үш кездесуде ғана есе жіберген. Былтырғы маусымда «арландармен» болған жекпе-жекте отандасымыз Мейірболат Тоитовтан ұпай санымен ұтылған. Енді Мирас Жақыпов жұдырықтасады. Шығысқазақстандық боксшы биылғы маусымдағы алғашқы жекпе-жегін кубалық Херардо Сервантеспен өткізіп, жеңіске жеткен.
60 келі. Линдолфо Дельгадо Гарза - Самат Бәшенов
Бұл салмақта «Астана арландарының» капитаны Самат Бәшенов шаршы алаңға шығады. Оған Линдолфо Дельгадо Гарза қарсылас атанды. Мексикалық боксшы биылғы маусымда Польша клубымен өткен жекпе-жекте өз қарсыласынан басым түсті.
69 келі. Марвин Кабрера - Манат Өмірзақов
Манат Өмірзақов Дүниежүзілік бокс сериясындағы алғашқы жекпе-жегін өткізеді. Оған қарсылас атанған Марвин Кабрера осал боксшы емес. WSB жобасында сегіз рет рингке шығып, жетеуінде жеңіске жеткен.
81 келі. Петр Чебан - Хрвое Сеп
Хорват Хрвое Септің қарсыласы - Мексика клубының намысын қорғайтын молдовалық легионер Петр Чебан. Молдовалық боксшы бұған дейін өткізген жалғыз кездесуінде жеңіліс тапқан.
+91 келі. Херардо Мигел Бисбале – Филипп Хргович
Қос боксшы өткен маусымда жұдырықтасқан еді. Жартылай финалдық кездесуде Филипп Хргович пуэрторикалық Херардо Мигел Бисбалені ұпайн санымен жеңді.
Бұл жекпе-жекті «KAZsport» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.