Сочи Олимпиадасында мәнерлеп сырғанаудан ерлер арасындағы жекелей сында Денис Тен қола медальді жеңіп алды. Қазақстандық спортшы екі бағдарламаның қорытындысы бойынша 255,10 ұпай жинады.
Денис Тен еркін бағдарламаны мінсіз орындады. Төрешілер мәнерлеп сырғанаушының шеберлігін 171,04 ұпайға бағалады.
Екі бағдарламаның қорытындысы бойынша 280,09 ұпайға ие болған жапондық Юдзуру Ханю Олимпиада чемпионы атанды. Мұзайдында екі рет сүрінген спортшының өнерін төрешілер жоғары бағалады.
Олимпиаданың «күмісін» канадалық Патрик Чан иеленді. Ол қос сайыстың қорытындысы бойынша 275,62 ұпай жинады.
Қазақстандық тағы бір спортшы Абзал Рақымғалиев 22-ші орында тұрақтады.