Ел рухын асқақтатқан ару қыздар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ел рухын асқақтатқан ару қыздар

03.03.2014
Ел рухын асқақтатқан ару қыздар

Әлемдік спорт додаларында қазақтың атын әйгілеп, абройын асқақтатып жүрген қыздарымыз аз емес. Солардың қатарынан лайықты орын алған оралдық Алтынай Жұмагелдиева мен Айсезім Мұхитты айрықша атап өтуге болады.

 
Екеуі де - мектеп оқушысы. Алайда, бірі өз қатарластары арасында дойбыдан Әлемнің алты дүркін чемпионы болса, екіншісі шахматтан ел біріншілігінде екі рет топ жарды.
 
Оралдың шетіндегі Деркөл мектебін еліміздің дойбышылары жақсы біледі. Соңғы 10  жылда бұл жақтан  екі Әлем, бірнеше Азия және 10-ға жуық Қазақстан чемпионы шыққан.
 
Солардың бірі - Алтынай Жұмагелдиева. Ол дүниежүзінің дойбы додасында бір емес, алты рет «алтын» алған ару. Алтынайдың әкесі әрі жаттықтырушысы Данияр Жұмагелдиев алғашында қызының бойындағы қабілетті байқамағанын айтады.
 
Данияр Жұмагелдиев, дойбыдан облыстың аға жаттықтырушысы:
Әпкесі Альфияны 10 жасынан  дойбыға үйрете бастадым. Алтынай қасында қарап жүретін. Кішкентай деп, мән бермейтінбіз. Кейін ол да тапсырмаларымды орындай бастады.
 
Араға бірнеше ай салып, жеті жастағы зерек қыз Әлем біріншілігінің күміс жүлдесін жеңіп алса, 11 жасында дойбыдан қазақтан шыққан алғашқы Әлем чемпионы атанды.
 
«Алтын белгіге» үмітті Алтынай қазір ҰБТ-ға дайындалуда. Алайда, қолы қалт етсе, әкесіне көмектесіп, өзінен кіші балғындарға дойбы үйретеді. Ізін басқан құрбыларымен тақта басында сынға түсіп, шеберлігін ширатады. Бойжеткеннің ендігі арманы - гроссмейстер атану.
 
Алтынай Жұмагелдиева, дойбыдан Әлемнің алты дүркін чемпионы:
Ол үшін әйелдер арасында Әлем чемпионатында бірінші немесе екінші орынды алу керек. 2012 жылы Францияның Лилль қаласында төртінші орын алдым. Гроссмейстер атағын алу үшін болашақта тағы да қатысқым келеді.
 
Болашағынан мол үміт күттіретін тағы бір спортшымыз - Айсезім Мұхит. Шахматтан екі дүркін ел чемпионы атанған арманы асқақ ару қазір әлемдік бәсекеге әзірлік үстінде.
 
Бастапқыда гимнастика, сурет және шахмат үйірмесіне қатар барып, кейін осы бір құпиясы қызық ойынға аңсары ауыпты.
 
Айсезім Мұхит, шахматтан Қазақстанның екі дүркін чемпионы 
Шахматтан жетістікке жету үшін біріншіден, алға қойған мақсатқа жете білу керек.  Екіншіден, шыдамдылық қажет. Кітапты көп оқу керек.
Бойжеткендер оқуда озат, қоғамдық жұмыстарда көшбасшы. Келешекте де байрақты бәсекелерде топ жарып, еліміздің абыройын асқақтататындарына сенімді. 
 
Рауан ДИӘЛИ

Хабарламаларға жазылу