Алматыда жекпе-жек түрлерінен халықаралық турнир өтті (ВИДЕО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда жекпе-жек түрлерінен халықаралық турнир өтті (ВИДЕО)

25.03.2014

Алматыда жекпе-жек түрлерінен халықаралық турнир өтті. «Даймонд файт -Достық» атты спорттық шараға жиналған жанкүйерлер 13 тартысты кездесудің куәсі болды. Бұл сында ел намысын «Алаш прайд» және «Елухан» тай бокс клубының спортшылары қорғады.

 
Алғашқы жұпта шаршы алаңға көтерілген Рауан Досбаев Тайланд боксшысы Контеклек Ситполекті техникалық нокаутпен жеңді. К-1 нұсқасы бойынша ел намысын қорғаған Мерген Біләлов Ресейлік Симур Керимовтың осал тұсын таба білді.
 
67 келідегі үмітіміз Дәулет Отарбаев Өзбекстан өкілі Наимжон Тухтабаевты үш раунд бой соққының астына алды. Тек 70 келіге дейінгі салмақта сынға түскен жерлесіміз Нариман Мусаев қана голландиялық Сабар Закарияға есе жіберіп алды.
 
Тағы бір тартысты жекпе-жек Рүстем Ақжанов пен словакиялық Мартин Ситполек арасында өтіп, төрешілер 2-1 есебімен жеңісті жерлесіміздің пайдасына жазды.
 
Ал ММА нұсқасы бойынша жеті бірдей жекпе-жек өтті. Қазақстан атынан сынға түскен Әділ Боранбаев, Махир Мамедов, Қылышбек Сарқарбаев, Сұлтан Сүлеймен сынды саңлақтарымыз қарсыластарының бәрін қоғадай жапырды. Рузигар Ахметов қана қырғыз спортшысы Данияр Көлбаевқа есе жіберіп алды.
 
66 келідегі Арман Оспанов пен АҚШ спортшысы Джеймс Патрик Рис арасындағы жекпе-жек кештің көрігін келтірді. Самбодан Әлем чемпионы деген атағы бар Арман қарсыласына алғашқы раундта-ақ қылқындыру әдісін жасап, мерзімінен бұрын жеңіске жетті.
 
Арман Оспанов, жарыс жеңімпазы:
Бұл - қазақ жеңісі деп ойлаймын. АҚШ-та оқу-жаттығу жиынын өткіздім. Қазақ жерінде америка спортшысын жеңдім.
 
Кештің басты жекпе-жегінде америкалық Джефф Монсон мен жерлесіміз Шахмарал Жетпісов кім мықтыны анықтады. Америкалық спортшының ережесіз жекпе-жектің бірнеше дүркін чемпионы, джиу-джитсудан Әлем чемпионы деген атақтары бар. Ал Жетпісов болса қоян-қолтық ұрыстан Әлем чемпионы, әскери самбодан Қазақстан чемпионы. Партерде күресудің шебері саналатын Монсон бірден Шахмаралды құлатуға тырысты. Алайда бойы мен қолының ұзындығын пайдаланған жерлесіміз қарсыласын өзіне жақындатпай, америка спортшысын соққының астына алды. Дегенмен бір-екі рет қарсыласының астына түсіп қалған сәттері де болды.
 
Бірақ бүгінде шау тарта бастаған Монсон Шахмаралға еш айла жасай алмады. Осылайша екі раундта бір-бірін ала алмаған қос алыптың мықтысын үшінші раундта анықтауға тура келді. Бұл раундта әбден сілікпесі шығып шаршаған Монсон жерлесімізге еш қауқар көрсете алмады. Есесіне өзін сергек ұстаған Жетпісов раундтың орта тұсына таяған сәтте ретін тауып Монсонның иек тұсына соққы жасады. Дәл осы соққы жекпе-жек тағдырын шешті. Кезінде талай мықтыны сұлатып салған Монсон бұл жолы қазақ алыбына айла жасай алмай, еденде сұлап жатты.
 

Хабарламаларға жазылу