Жылдың ең басты спорттық оқиғасы - 12 маусымда басталатын Бразилиядағы футболдан Әлем чемпионаты. Қазақ жанкүйерлерін мазалайтын сауал біріншіліктің трансляциялары екені даусыз.
Естеріңізге сала кетсек, «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы Әлем чемпионатын Қазақстан аумағында тарату құқығын жеңіп алған болатын.
Нақтырақ айтсақ, 64 матчты «Қазақстан», «Еуразия» бірінші арнасы және «KAZsport» телеарналары көрсетеді. 32 көрсетілім Ұлттық арнада, ал, қалған 32-і «Еуразия» арнасында тікелей көрсетіледі.
«Қазақстан» Ұлттық телеарнасындағы тікелей көрсетілімдер «КAZsport» арнасында да қатар жүреді. Сондай-ақ, күнделікті футбол матчтарын шолуға арналған бағдарламалар эфирге шығады.
Еліміздің спорт журналистикасы тарихында тұңғыш рет қазақстандық комментаторлар чемпионатқа барып, жарыс өтетін стадиондардан тікелей эфирге шығатын болады.
«КAZsport» арнасынан мундиальға 7 қызметкер аттанды. Олар көрермендерге матчтан өзге де қызықты жайттарды күнделікті жеткізіп отырады.
Ермек Төрениязов «KAZsport» арнасының комментаторы:
Солтүстік аймаққа бөлінген 15 ойын бар. Сол ойындардың барлығын барынша қызықты етіп көрсетуге тырысамыз. Жанкүйерлерді матч алдындағы баспасөз мәслихаттары, оқу-жаттығу жиындары, алаң сыртындағы қызықтардан құр қалдырғымыз келмейді.
Индира БЕКТЕНОВА