«Қазақстан Барысына» құрмет көрсетілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қазақстан Барысына» құрмет көрсетілді

11.07.2014
«Қазақстан Барысына» құрмет көрсетілді

Қазақ күресінің деңгейін көтеруге сеп болған «Қазақстан барысы» жобасының биылғы жеңімпазы Мұхит Тұрсыновқа туған жері Абай ауданында құрмет көрсетілді.

Балалық шағын өткізіп, спорт әлеміне алғаш қадам басқан ауылына ат басын бұрған палуанды ауылдастары ерекше ықыласпен қарсы алды. Қазақ күресінен өткізілген ауқымды сайыста соңғы екі жылда Абай елінің спортшылары бас жүлдені қанжығалап келеді.

Биыл екінші жыл қатарынан «Қазақстан Барысы» атағын Шығыс Қазақстандағы Абай ауданының тумалары еншіледі. Өткен жылы Айбек Нұғымаров топ жарса, биыл Мұхит Тұрсынов намысты қолдан бермеді. Қос палуанға да ауылдастары лайықты құрмет көрсетіп қарсы алды.

Әсет Мырзақасымов, қарауыл ауылының тұрғыны:                                                                                                                              Қазір Айбек пен Мұхитқа еліктейтін жастардың тобы өсіп келеді. Олардың қазақ күресіне деген, жалпы спортқа деген құлшынысы артып келе жатыр.

«Қазақстан барысы» атанып, жеңіс туын желбіреткен Мұхит Тұрсынов Қарауыл ауылының тумасы. Спортқа деген алғаш қадамын да осы жерден  бастаған. Бұған дейін ұлттық күрестен Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, Әлем чемпионы атанған палуан, «Қазақстан Барысы» додасының орны бөлек екенін айтады.  

Мұхит Тұрсынов, «Қазақстан Барысы - 2014» жеңімпазы:

«Қазақстан барысы» жобасы қазақтың рухын оятты деп ойлаймын. Үлкен жоба жылдан-жылға деңгейі көтеріліп келе жатыр. Жылдан-жылға  жасөспірімдеріміздің, жастарымыздың спортқа деген қызығушылығы арта түсуде. Бұл біздің қазақ күресінің Олимпиадасы деп айтуға болады.

Абайлықтар елді аузына қаратқан Мұхит Тұрсыновқа темір тұлпар сыйға тартты. Ал, Айбек Нұғымаровқа ат мінгізді. Палуандар туған өңірде соңғы жылдары қазақ күресі қарқын алып келеді. Жерлес қос балуанның да «Қазақстан Барысы» атануы соның айғағы іспеттес.

 

Ержан ЖАҚЫП 

Хабарламаларға жазылу