Мақсат - бұқаралық спортты дамыту. Дене шынықтырумен шұғылданатындар саны 255 мың адамға жетті. Жаттықтырушы мамандардың тапшылығын жою үшін өңірде спорт колледжін ашу жайы қарастырылуда.
Ауыр атлетикадан Әлем чемпионатын бағындырған Жасұлан Қыдырбаевтың есімі бүгінде ерекше құрметпен аталады.
Ол тынымсыз жаттығу, қайрат пен қажыр және жігерлі рух әрдайым жеңіске бастайтынын дәлелдеді. Білекті жігіттің бұл жеңісі тек Жамбыл спорты үшін ғана емес қазақ елінің мәртебесін асқақтатты.
Жасұлан Қыдырбаев, ауыр атлетикадан Әлем чемпионы:
Бұл мемлекеттің қолдауы, Елбасының спортқа деген көзқарасының арқасында. Қандай талантты, дарынды спортшы болмасын қолдаусыз ешқайда шыға алмайды. Осы жолмен алға ұмтылатын болсақ, әлем біріншілігі емес Олимпиада да жақсы жетістік көрсетеміз.
Өткен жылы облыс спортшыларының бағындырған биігі тек бұл емес. Әлем, Еуропа және Азия чемпионаттарына қатысып, елге 128 медальмен оралды. Дзюдо, жеңіл атлетика және су добы бойынша топ жарды.
Гамлет Қайнарбеков, облыстық Спорт және денешынықтыру басқармасының басшысы:
Жамбыл облысының 22 спортшысы Азия Ойындарына қатысып, жүлделі орындармен келді. Онда 2 алтын, 2 күміс, 3 қола медальға ие болды.
Спортпен шұғылдануға қолайлы жағдай жасау салауттылықты серік еткендер қатарын арттыра түседі. Өңірде 300-ден астам спорт кешені, алаңдар мен залдар бар.
Ерқанат Мәнжуов, облыс әкімінің орынбасары:
Бұқаралық спортқа көп қаражат керегі жоқ. Дұрыс бағытқа салсақ, балаларды, зейнеткерлерді осы бағытқа тарту керек.
Тағы бір басты міндет – Рио-де-Жанейрода өтетін алдағы Олимпиада ойындарына дайындықты күшейту. Өйткені табыс еңбекпен, жеңіс жігермен келеді.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ