Мұндай шешімді Эфиопияда Материалдық емес мәдени мұраларды қорғау жөніндегі комитет қабылдады, деп хабарлайды inform.kz.
«Қазақ күресінің» дамуы қазақ халқының тамыры тереңнен тартылатын тарихымен тұтасып жатыр. Түрлі бас қосулар мен мереке-тойлар спорттың осы түрінің сайысынсыз өткен емес. Күші басым түсіп, жеңіске жеткен палуандар халықтың құрмет тұтар адамына айналған. Қазақтың ұлы батыры Қажымұқан есімі қазақ халқының тарихына ғана еніп қойған жоқ, сонымен бірге спортшылардың әлемдік элитасының қатарына кірді.
«Қазақша күрес» бойынша бірінші ірі жарыс 1938 жылы ауыл шаруашылығы аймақтары арасындағы спартакиада аясында өткен. Сол сәттен бастап жарыс дәстүрлі түрде республика қалаларында тұрақты өткізіліп келеді. Ірі Халықаралық турнирлер 1952 және 1975 жылдары Азия аймағы спортшыларының қатысуымен өткізілді. Ұлттық күрестің дамуы Қазақстан егемендік алғаннан кейін жаңа серпін алды. 1991 жылдан бастап республикалық чемпионаттар мен біріншіліктер жыл сайын өткізілетін болды.
Қазақша күресте адам өзін еркін ұстап, өз бойындағы күшін, әдісін түгел пайдалана алады. Мұнда шалу, жата тастау, арқалай тастау, қол байлап күресу, салмақпен басу, тіресу, ашадан алу, аяқтың басымен іліп тастау, жамбасқа алып иіре лақтыру, белінен қысып, тірсектен шалу сияқты әдістердің бәрін де қолдануға болады.
Бұған дейін Эфиопияның Аддис-Абеба қаласында өткен ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі үкіметаралық комитеттің отырысына Қазақстан адамзаттың мұрасы тізіміне қосу үшін сұңқармен аң аулауды және қазақша күресті ұсынған болатын.
Айта кетейік, 1 желтоқсан - Тұңғыш Президент мерекесі күніне орай «Алматы Арена» сарайында қазақ күресінен өткен «Еуразия Барысы» халықаралық турнирінде Қазақстан құрамасы жеңімпаз атанды.