Астана іргесіндегі Ильинка ауылында көлемі 1200 шаршы метрлік 3 қабатты спорт кешені бой көтерді. Бір ерекшелігі, алып спорттық нысанды салуға ел бюджетінен 1 теңге де шықпаған. Яғни, жергілікті спорт жанашыры және басқа да демеушілердің күшімен салынған. Ашылу салтанатына жиналғандар онда 6 спорт түрі бойынша секциялар жұмыс істейтінін білді. Оның ішінде бокс, дзюдо, таэквондо, каратэ сынды жекпе-жек түрлері бар. Бұған қоса, тоғызқұмалақ сияқты ұлттық спортты дамытуға да көңіл бөлінбек. Кешенді спорттық нысанда қонақүй мен асхана да қарастырылған. Яғни, ұлттық құрама спортшылары кез келген уақытта жоспарлы оқу-жаттығу жиындарын өткізе алады. Айта кетерілігі, Астана іргесіндегі дәл осы ауылда бұған дейін ешқандай спорт кешені болмады.
Елдос САПАРҒАЛИ