Алматы облысында құсбегілердің дәстүрлі «Сонар-2017» сайысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында құсбегілердің дәстүрлі «Сонар-2017» сайысы өтті

27.11.2017

Биылғы дода атақты бүркітші Жалайыр Шора атындағы мектептің 30 жылдығы аясында ұйымдастырылды. Жарысқа еліміздің әр өңірінен және Қытай мен Моңғолиядан 100-ден астам құсбегі келді. Қыран бүркіттің, қаршыға мен ителгінің өнеріне тәнті болған көрермендер арасында өңірдегі тілшіміз Қуаныш Қанатұлы да болды.

Дәдей Әкелі Жетісу жеріндегі құсбегілер сайысына Моңғолиядан арнайы келді. Алғаш рет қолына қыранды 12 жасында қондырыпты. Ал, саятшылықпен айналысқанына 50 жылдан асты. «Қыран баптап, тұлпар мініп, тазы жүгірту - төл өнеріміз, оны дәріптеу - бізге міндет», -  дейді ол. 

Дәдей Әкелі, бүркітші:

- Саятшылық құру - ер азаматтың көркі. Бүркітті мықтылар ұстайды. Сондықтан, ата-бабамыздан бері қарай жалғасып келе жатқан салт, бұл ешқандай пайда табу емес, саятшылық дәстүр, ата-бабамыздың мұрасын жалғастыру. Салт-дәстүр бізге парыз, міндетті нәрсе.

50-ге жуық бүркіт, оннан астам қаршыға мен ителгі сайысқа түсті. Ақтық додаға 7 бүркітші шықты. Ал, сұңқар ұстағандардың басым бөлігі жастар. Жарысты ұйымдастырушылар осыған қарап «құсбегілік өнері жасарып келеді», деп қуанып отыр. 

Бағдат Мүптекеқызы, «Қыран» федерациясының атқарушы директоры:

- Республика бойынша 5-6 пайызы ғана қарттар, қалған 95-96 пайызы жастар. Бұл біздің болашағымыз жастар қыранның қасиетін ұғынып, халықтың рухын көтеріп келе жатыр деген тілекті білдіреді.

Бірінші орынды Астанадан келген бүркітші жеңіп, қанжығасын қаржылай майлады. Биылғы сайыста алғаш рет Ақан сері, Біржан сал, Қапез сал атындағы арнайы жүлделер тағайындалды.

Ұлы дала төсінде бабаларымыз қыран құсты да, тұлпарды да қолға үйретті. Бүгінде саятшылық қазақ халқының ажырамас бір бөлігі іспеттес. Егер осындай жарыстар жиі ұйымдастырылып тұрса, төл өнеріміз ұрпақтан ұрпаққа жалғаса бермек.

 

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу