Бұған басқа жақтан келген жан бірден көз жеткізеді. Себебі, бұқараның саламатты өмір салтын ұстануына қолайлы жағдай жасалған. Халық үшін 670 спорттық нысан қызмет етеді. 110-нан астам спорт түрі дамыған. Қолжетімділігі сол тіпті, үйлерінің алдында жаттығып жүргендерді жиі кездестіресіз. Шаһар әлемдік спорттың орталығына да айналып үлгерді.
Біз Президент саябағындамыз. Бүгін ауа райы суықтау. Қар ұшқындап жауып тұр. Бірақ, соған қарамастан, жылы төсектен тұрып, ұйқысын қиып мұнда жүгіруді әдетке айналдырғандар бар. Міне, сондай бір кісіні көзіміз шалды. Көрейік, кім екен? Бұл Төлеген Мұхамеджанұлы.
Төлеген Мұхамеджанов, композитор:
- Жүгірудің маңызы бар. Денсаулыққа ерекше жақсы әсер етеді. Сонымен бірге, өмірге деген ерекше құштарлығыңды білдіреді. Әсіресе, таңертең жүгіріп келгеннен кейін бүкіл алдағы күніңді ерекше ғанибетпен қарсы аласың.
Мұнда елге танымал адамдармен бірге, қарапайым халық та спортқа құштар.
Нұрғали Нарбаев, қала тұрғыны:
- 67-демін. Мен күнде жүгіремін.
Серік Сарбалин, көше тазалаушы:
- Күнде істейміз, спортшылар бізбен амандасып жүреді. Танитыны бар, танымайтыны бар. Әйтеуір, бәрі амандасады.
Елорда да мұндай бірнеше саябақ бар. Онда жүгіру жолақтары арнайы төселіп, халыққа ыңғайлы жағдай жасалған. Ал, жалпы спортпен шұғылдануға қалада жағдай жасалған.
Қалалықтар ауладан ұзамай-ақ, фитнес орталықтарына ақша құртпай-ақ үйлерінің алдында шыныға алады.
Қыдыр Ыбраев, қала тұрғыны:
- Өте жақсы. Денемізді шынықтырып, өзіміздің кішкене болсын денсаулығымызға пайдасын келтіреміз бе деп жатырмыз.
Астанадағы 300-ден астам аула футбол мен жаттығу алаңдарымен қамтылған. Жалпы, шынығамын дегенге мүмкіндік зор.
Тағы бір қызу спорттың түрі - хоккей. Қазір хоккейден жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр.
Андрей Левковец, қала тұрғыны:
– Ұлым «Астана» командасында ойнайды. Ер-азаматқа тән спорт болған соң осы спортты таңдады. Астанада кез келген спорт түрімен айналысамын дегенге мүмкіндік бар. Біз жанкүйер боламыз.
Астана - саламатты өмір салтын ұстанатындардың қаласы.
Нысаналы ЫҒЫЛ