Жартылай финалда Алматы құрамасы Өзбекстан палуандарымен белдесті. Алғаш болып 55 келі салмақ дәрежесіндегі палуандар Хасан Юсупов (Өзбекстан) пен Дәулет Ниетбай (Қазақстан) шықты. Бұған дейін Хасан Юсупов камерундық қарсыласын жеңсе, Дәулет Ниетбай грузиялық палуаннан басым түскен болатын. Бұл жекпе-жекте Дәулет Ниетбай жеңіске жетті.
Екінші жұп – Шахрух Нуриддинов пен Марат Нығматуллаев 60 келі салмақ дәрежесінде белдесті. Небәрі 1 минут 25 секундта Марат Нығматуллаев қарсыласын таза тастап, есепті 2:0-ге жеткізді.
Аброр Жабборов-Олжасбек Ілесбеков жұбы 66 келі салмақ дәрежесінде бақ сынасты. Белдесу барысында жекпе-жек тізгінін қолына бірден алған Олжасбек Ілесбеков жеңіске жетті.
Ал, төртінші белдесуде Арслонбек Тожиев пен Аманкелді Төлемісов жұбы (74 келі) шықты. Бұл жолы да жеңіс Алматы құрамасының палуанына бұйырды.
Бесінші белдесуде Алишер Құдайбердиев пен Сахан Әбдіқасым жұбы шықты. 82 келі салмақ дәрежесінде белдесетін палуандардың екеуі де осал емес. Жеңіс Сахан Әбдіқасымда.
Шухротжон Арсланов пен Саят Шамшиев жұбында (90 келі) жеңіс Алматы құрамасында. Ал, Ильхом Жураев-Арслан Абдамит (100 келі) белдесуінде жеңіс өзбек палуанының пайдасына шешілді.
Аса ауыр салмақта белдескен Муқсин Кисомиддинов пен Руслан Әбдіразақ (+100 келі) жұбында өзбек палуаны жеңіске жетті. Осылайша, жартылай финалда Алматы құрамасы Өзбекстан палуандарынан басым түсті.
Айта кетейік, «Еуразия барысы» турнирін «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары тікелей эфирде көрсетуде.