Қазақ күресінен Алматыда өтіп жатқан «Еуразия Барысы» турнирінде Қазақстанның бірінші құрамасы финалға шықты.
Қазақстан 1 командасы жартылай финалда Жапония елінен келген палуандарды 8:0 есебімен ойсырата ұтып, финалға жолдама алды.
55 келі салмақ дәрежесінде Оспан Дауылбай Наоки Морияны таза жеңсе, артынша боз кілемге шыққан 60 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Қуаныш Ысқақов та командаласының нәтижесін қайталады. Осылайша, ол есеп айырмасын еселей түсті. Сондай-ақ, 66 келідегі спортшылар Бағдаулет Сәбитов пен Кай Хираматсу арасындағы белдесу де қазақстандық палуанның пайдасына таза жеңіспен аяқталды. Есеп 3:0. 74 келі салмақ дәрежесінде Койо Таниюеге қарсы белдескен Айдос Ғалымов кездесуді таза жеңіспен аяқтады. Боз кілем төріне шыққан 82 келі салмақ дәрежесіндегі Ерсұлтан Мұзаппаров та қарсыласы Кенго Наказатоға сәтті әдіс қолданып, таза жеңіске қол жеткізді. 90 келі салмақта белдесетін Татсуя Такаги да жерлесіміз Бекзат Ахметбековке алғашқы секундтарда жеңілді. Боз кілемге келесі болып көтерілген Асыл Барменов (100 келі) командасталарының жеңісті жолын жалғастыра алды. Ол қарсыласы Йошиаки Азумиді таза жеңді. Ал, аса ауыр салмақта Айбек Нұғымаров та кездесуді таза жеңіспен аяқтады. Оның қарсыласы Шунсуке Танимото болатын.
Айта кетейік, «Қазақстан 1» құрамасы мен Алматы облысынан құралған «Қазақстан 2» командалары ақтық сында бас жүлдені сарапқа салады. Өз кезегінде, Өзбекстан мен Жапония спортшылары үшінші орын үшін белдесетін болады.
Еске сала кетейік, бесінші рет ұйымдастырылып отырған «Еуразия барысына» Бразилия, Жапония, Камерун, Грузия, Моңғолия, Түркия, Өзбекстан және Қазақстан командалары қатысты.