Астана қаласындағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мектеп-интернат-колледжі жылдың ең үздік спортшысын, жаттықтырушысын және үздік бөлімшесін анықтады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, үміткерлердің қатары 200-ден асып жығылған. Олардың арасында Қазақстанның атағын күллі әлемге танытқан чемпиондар да бар.
Спорт мектебінің қоржыны қомақты. Жас спортшылар 2017 жылы түрлі халықаралық және республикалық додаларға қатысып, 304 алтын, 248 күміс, 185 қола медальға ие болды. Жетістіктері мен талпыныстарын ескерген төрешілер дәл осы марапат иелерінің арасынан үздіктерін таңдады.
«Жылдың ең үздік спортшысы» атағына 5 спортшы таласты. Олардың қатарында жасөспірімдер арасында бокстан Азия чемпионы Тоғанбай Сағындық, кадеттер арасында еркін күрестен Азия чемпионы Мейрамбек Сүлейменов және жастар арасында көркем гимнастикадан Азия чемпионы Адиля Тілекенова болды. Мықтылардың арасынан суырылып шығып, кадеттер арасында таэквандодан Әлем чемпионы Әбілқасан Бақытжан «Жылдың ең үздік спортшысы» атанды.
Әлем чемпиондарын тәрбиелеуде жаттықтырушылардың үлесі зор екені сөзсіз. Бұл білім ордасында барлығы 70-ке жуық ұстаз қызмет етеді. Өткен жылы кіл мықтыларды даярлап, «Жылдың ең үздік жаттықтырушысы» атанған тәлімгердің де қуанышында шек жоқ.
Айтжан Алдабеков, «Жылдың үздік жаттықтырушысы», Қазақстан Республикасының спорт шебері:
- Өте қуаныштымын, еңбегіміз еленіп, оқушымыз үздік спортшы атанды.
Ал, «Жылдың ең үздік» бөлімі атағына велоспорт бөлімшесі лайық деп танылды. Жүлдегерлердің әрқайсысына кубок пен сый-сияпат табыс етілді. Ұйымдастырушылар мұндай марапат шарасы жыл сайын дәстүрге айналады деп отыр.
Аяулым НҰРҚАСЫМ