Ала доптың шебері болғысы келетін аяқсыз бала әйгілі футболист Диего Марадонамен кездесіп, иығына қазақтың шапанын жапты. Әлидің анасы Ақмарал Әмреева осындай қуанышымен бөлісті. Аты аңызға айналған ала доп шебері де Әлимен түскен суретін өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына салған. Асқақ арманын бейнежазба арқылы жеткізген елордалық оқушының тілегін Диего Марадона жауапсыз қалдырмаған. Жанұясымен Дубайға қонаққа шақырып, құшақ жая қарсы алған.
Әйгілі футболист, спорт тарихындағы аңыз адам Диего Марадона арманшыл қазақ баласының тілегін жерге қалдырмады. Қарапайымдылығы осы болса керек. Әлиді туған немересіндей қарсы алып, ізгі тілегін арнаған. Құшағына ұзақ қысып, Әлидің қайраттылығына таңданысын жасырмаған.
Ата-анасы «осы сәтте көз жасымызды тоқтата алмадық», - дейді. Атақты аргентиналық аяқдопшы бүгінде Дубайдағы «Фуджейро» футбол клубының жаттықтырушысы.
Бала арманның лебімен Тұрғанбековтар отбасы шетте жүріп-ақ салтымызды дәріптей білді. Шексіз алғысын жеткізіп, футболшының иығына оюлы шапан жапты. Қуанышы қойнына сыймаған қазақ баласы өз әсерін бізге бейнежазба арқылы білдірді.
Әли Тұрғанбеков, Астана қаласының тұрғыны:
- Мен бақыттымын. Сіздер де армандарыңызға жетіңіздер.
Осыдан жарты жыл бұрын Әлидің бала арманын біз де репортажымызда көрсеткен едік. Туғаннан аяқсыз дүниеге келген Әли өмірге өте құштар бала. Ән, би, әртістік өнер, жүзу спорты, каратэ, қазақ күресін жақсы көреді. Ал, ең сүйікті арманы - футболист болу.
Орындалмайтын арман жоқ екеніне Әли тағы бір рет көзімізді жеткізгендей. Анасының айтуынша, қазақстандық футбол үйірмелері 9 жасар Әлидің шектеулі мүмкіндігін алға тартып, ешқайсысы қабылдамаған. Алайда, атақты футболист Диего Марадонаның өзі арманшыл баланың рухын көтерген сәтте, біздің қоғамның мұндай балғындарға қолдауы қашан да қажет.
Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ
«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.