Катарда өтетен футболдан Әлем чемпионаты «Qazaqstan» және «Qazsport» арналарынан көрсетіледі. Ресейде аяқталған біріншіліктің қорытындысы бойынша FIFA «Қазақстан» телерадиокорпорациясының жұмысын жоғары бағалады. Жемісті еңбектің нәтижесі сол - келесі чемпионатты трансляциялау туралы осы бастан келісім жасалды.
64 матч, қосымша уақыттар мен пенальтилерді қосқанда 5800 минут, 100 сағат немесе толық төрт тәулік. Мұның бәрі «Qazaqstan» және «Qazsport» арналарынан көрсетілді. Әрбір матчты шамамен жарты млн. адам тамашалаған. Ал, Ресей мен Хорватия арасындағы кездесуді 1 018 910 адам қарапты.
Ерлан Қарин, «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Басқарма төрағасы:
- Ойындардың көрсетіліміндегі негізгі ерекшелік онлайн-интернет арқылы көрушілердің саны көп болды. Арнайы «Қазақстанның» мобильді қосымшасының арқасында аудиторияның көлемі едәуір көбейді. Тек лайвта емес, смартфондар арқылы қарады. Бұл - біз үшін үлкен жетістік.
«Қазақстан» телерадиокорпорациясының мобильдік қосымшасын Әлем чемпионаты барысында 300 мың адам жүктеп алған. Соның арқасында жалпы көрерменнің үштен бір бөлігін мобильді қосымшаны қолданғандар құрап отыр. «Қазақстан» телерадиокорпорациясының жұмысы FIFA тарапынан да жоғары бағаланып, арнайы алғыс хатпен марапатталды.
Павел Цыбулин, «Qazsport» телеарнасының директоры:
- Чемпионат барысында FIFA телетрансляция жасап жатқан елдердің әрқайсынан бір-бір адамнан аяқастынан жиналысқа шақырды. Не ұнамай қалды екен деп қорқып бардым. Бірақ, керісінше, біздің жұмысымызға еш сын айтылмады. Ал, келісімді бұзып, кемшілік жасағандардың арасында әлемнің ең ірі спорттық каналдары да болды. Бұл да біз үшін мақтаныш.
Трансляциялардың техникалық қамтамасыз етілуінен сын айтылмаса да, қазақстандық көрермен әдетте комментаторларға мін таққыш. Әсіресе, қазақ тілділеріне. Себепсіз деуге де болмайды. Бірақ, деңгейдің өскенін де ешкім жоққа шығармайды.
Аршат Ораз, футбол сарапшысы:
- Нақты бір стандарттар болу керек. Мысалға, елдің, футболшының атын айтқанда әртүрлі айтып жатады. Сол бір стандартқа бағыну керек. Әркім өзіне түсінікті тілде ақпарат іздейді. Барлығы өз тілімізде болғаны жақсы әрине, тіпті, музыка қазақша, неге спортты да қазақшаламасқа?!
Комментаторлардың ойынның маңызды бөлігі екенін «Қазақстан» телерадиокорпорациясы да анық түсінеді. Осы мақсатта чемпионат басталмас бұрын арнайы жұмыс істелді, біткен соң да жалғасып жатыр. Көрермендер арасында ең үздік комментаторды анықтау үшін сауалнама өткізілді. Жеңімпаздарға ынталандыру сыйлығы беріліп, келесі жарыстарда да жұмыс істеуге мүмкіндік жасалмақ.
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.