Индонезия астанасы Джакарта қаласында өтіп жатқан Азия ойындарында жерлесіміз Алексей Луценко екі дүркін чемпион атанды. Ол бүгін жекелей жарыста алдына жан салмады. Сондай-ақ, шаршы алаң төріне боксшылар шықты. Мамандар осы сайыста Қазақстан құрамасының қанжығасы майланады деп отыр.
Қазақстандық велошабандоз Алексей Луценко 2018 жылғы Азия ойындарының екі дүркін жеңімпазы. Ол жекелей жарыста үздік атанды. Алексей 40 шақырымды 55 минут 37 секундта жүріп өтті. Күні кеше жерлесіміз топтық жарыста да үздік шыққаны ел есінде.
Алексей Луценко, Азия ойындарының екі дүркін жеңімпазы:
- Бүгін алтын алу үшін бар күшімді салдым. Велоспорттағы екі бәсекенің екеуінде де жеңімпаз атанған біздің команда Азия ойындарындағы бар міндетін толығымен атқарды десем, артық емес.
Жұптық сында өнер көрсеткен теннисшілер Александр Бублик пен Денис Евсеев Азиаданың күміс жүлдегері атанды. Олар финалда Үндістан спортшыларына жол берді. Ал, Анна Данилина мен Гозаль Айнитдинова қола жүлдені місе тұтты. Сондай-ақ, бүгін боксшылар бәсекесі де басталды. Ел үміт артқан 69 келідегі Асланбек Шымбергенов индонезиялық қарсыласын 5:0 есебімен тізе бүктіріп, 1/8 финалға шықты.
Асланбек Шымбергенов, бокстан Қазақстан құрамасының мүшесі:
- Өздеріңіз көргендей, ауыр болды. Бәріне жеңіс тілеймін.
Қол добынан Қазақстан әйелдер құрамасы топтық кезеңдегі соңғы кездесуін азулы Оңтүстік Корея құрамасына қарсы өткізді. Мықты қарсыласын жеңбей-ақ, тең түскеннің өзінде-ақ біздің арулардың жүлдеге ілінетін мүмкіндігі бар еді. Алайда, қорытынды есеп 34:22. Оңтүстік Корея қыздары жартылай финалда.
Марина Пикалова, қол добынан Қазақстан құрамасының бас бапкері:
- Аянып қалған ешкім жоқ. Өкінішке қарай, кездесу 12 доп айырмасымен аяқталды. Енді сегізінші, тоғызыншы орындар үшін ойнайтын боламыз. Қытай құрамасымен өткен ойында көп қыздарымыз жарақат алып қалған болатын. Олардың барлығы өздерінің спорттық баптарына келе алмады. Соңғы өткен екі ойынға ол да өзіндік кедергісін келтірді.
Әзірге, Қазақстан қоржынында үш алтын, жеті күміс және 19 қола бар. Жалпыкомандалық есепте біздің құрама 11-ші орында.
Ғабит БӨКЕНБАЙ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.