Гузалия Ғафурова: Алтын медаль менің барлық жарақатыма ем болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Гузалия Ғафурова: Алтын медаль менің барлық жарақатыма ем болды

27.08.2018

Азиаданың 6-шы алтыны қоржынға түсті. Бүгін Индонезия елінен осындай қуанышыты хабар келіп жетті. 68 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен каратэші Гузалия Ғафурова чемпион атанды. Ал, күні кеше джиу-джитсу шебері Руслан Исраилов та алтыннан алқа тағынып, ел байрағын көкке көтерген еді. Қазіргі таңда құрама қоржынында 6 алтын, 8 күміс, 28 қола медаль бар. Әзірге, Қазақстан жалпы медальдық есепте 11-орында тұр.

Каратэші Гузалия Ғафурова Азия ойындарының чемпионы. Ол құрама қоржынына 6-шы алтынды салды. Гузалия 68 келіге дейінгі салмақта қарсылас шақ келтірмеді. Шешуші жекпе-жекте Ғафурова осыдан төрт жыл бұрын финалда кездескен қарсыласы қытайлық Танг Лилингты тағы да ұтты.

Гузалия Ғафурова, каратеден Азия ойындарының чемпионы:

- Азия ойындарының алтынын алу оңай болған жоқ. Себебі, қабырғамды жарақаттап алдым. Азиада секілді дүбірлі додада жарақатымды сылтау қылғым келмеді. 2014 жылғы Азия ойындарында мұндай ірі жарысқа алғаш рет қатысқандықтан, көп нəрсенің ретін білмедім. Ал, биыл мен үшін бəрі де айдан анық болды. Шыны керек, мұндай жарақатпен алтын аламын деген ойға шамамен 70 пайыздай ғана сенімді болдым. Алтын медаль менің барлық жарақатыма ем болды.

Ал, джиу-джисту шебері Руслан Исраилов 77 келі салмақтың финалында қырғызстандық қарсыласынан басым түсіп, тұғыр биігіне көтерілді.

Руслан Исраилов, джиу-джитсудан Азия ойындарының чемпионы:

- Осы сындағы бірінші белдесуімде қарсыласымды жеңсем, онда жарыс барысында барлығынан да басым түсемін деген жорамалым болған. Ойлағандай, бар жоспарым іске асты. Соңғы сәтте финалда ұтылып жатқанымды сездім. Ел намысы үшін сынға түсіп жатқан шақта аянып қалмай, ақырғы күшімді жинап, қарсыласымның аяғынан ұстап, оны аударып жібердім де, сол үшін екі ұпай алдым. Жеңіске жеткеніме өте қуанштымын.

Азия ойындарында джиу-джитсу шеберлері өз бәсекелерін тәмәмдады. Олар ұлттық құрама қоржынына екі алтын және үш қола жүлде салды.

Ал, каратэ-до шебері Дидар Әмірәлі Азия ойындарының күміс жүлдесін тақты. Финалға дейін Біріккен Араб Әмірлігі, Тайланд және шриланкалық қарсыласын айқын басмдылықпен ұтқан ол соңғы сында сүрінді.

Сондай-ақ, бүгін боксшымыз Әбілхан Аманқұл Тай елінен келген қарсыласын 5-0 есебімен ұтып, келесі айналымға жолдама алды.

 

Ғабит БӨКЕНБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу