Илья Ильин Әлем чемпионатына қатыспайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Илья Ильин Әлем чемпионатына қатыспайды

29.10.2018

Жақында ғана үлкен спортқа оралған Илья Ильин Түрікменстан астанасында өтетін Әлем чемпионатына қатыспайтын болды. Бұл туралы спортшының өзі айтты. Даңқты отандасымыздың жаһан додасына қатысуына жарақаты кедергі болып отыр. Екі жыл бұрын медициналық тексеріс кезінде дәрігерлер оның омыртқа жарақаты бар екенін анықтаған. Алайда, Илья оған қарамастан  биыл жаттығуға кірісіп, ел біріншілігінде топ жарған еді. Бірақ, өкінішке қарай, байрақты бәсеке алдында денсаулығы сыр бере бастаған. Сондықтан да, әлемнің төрт дүркін чемпионы жарысқа қатыспау туралы шешім қабылдады. Дегенмен, ол қарашаның бірі күні басталатын әлем додасына ұлттық құрама сапында барады. Бірақ, бұл жолы бапкер ретінде.

Илья Ильин, ауыр атлетикадан Әлемнің төрт дүркін чемпионы:

- Мен Әлем чемпионатында жарысқа қатыспаймын, себебі, омыртқамда жарақат бары анықталды. Айтарлықтай ауыр жарақат. Спорттық мансабымның қалай болатыны да белгісіз. Бірақ, бұған ұнжырғам түспейді, бәрі дұрыс. Ашхабадқа бапкер ретінде барамын. Жарысқа Нижат Рахимовты шығарамын, себебі, Зүлфия Чиншанло сияқты онымен жыл бойы бірге дайындалдық. Жаттықтырушыларға, командама көмектесемін.

 

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу