Спорт пен суретті серік еткен азамат - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Спорт пен суретті серік еткен азамат

27.11.2018

«Күшім бар деп тасынбаған, оны ешкім басынбаған». Арқалық қаласының тұрғыны Бағдат Сардарбековті жерлестері осылай деп ерекше қадірлейді. Жасы елуге келген жекпе-жек шебері әлі де спорттан қол үзбеген. Сонымен қатар, кәсіби суретші. Карикатуралық туындылары мерзімді басылымдарда тұрақты жарияланып тұрады.

 

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

Ол: «спорт – тек, денсаулық кепілі емес, мықты тәрбие мектебі», деп есептейді. Ұстамдылық, төзімділік, ептілік жаттығумен шыңдалады. Ең бастысы, адам өзгеден көмек күтпей, тек өзіне сеніп, дағдыланады. Бағдаттың бір күні де жаттығусыз өтпейді. Бұл - оның өмірі. Ал, сайыста жеңу мен жүлде алу - екінші мәселе.

Бағдат Сардарбеков, Арқалық қаласының тұрғыны:

- Негізінен спортты тастамауыма өзімді формада ұстау себеп. Екіншіден, бұл жасымнан дағдыға айналған. Спорт залына бармасам, бірдеңе жоғалтқандай боламын.

 

Бағдат Сардарбеков студент шағында самбо күресімен, бокспен, кейін аралас жекпе-жекпен айналысқан. Сол уақыттарда облыстық, республикалық жарыстарда топ жарды.  90-шы жылдары спортшылардың кейбірі тура жолдан тайып, қылмысқа бой алдыра бастағанда, тобырға қосылмады. Керісінше, әлсіздерді қорғап, әділдікті жақтады. Кейін төтенше жағдайлар қызметінде еңбек етіп, зейнетке шықты. Әріптестерінің оған деген ілтипаты ерекше.

Рүстем Шалабаев, бұрынғы әріптесі:

- Қай ісін де өзіңе үлгі етіп алуға болады. Сөзінде тұратындығы, көмек қолын созатындығы, қиындықта қашанда қасыңнан табылатыны. Ол кісімен қиын іске қорықпай баруға болады.

 

Ал, Бағдаттың суретшілік қабілетін 1 сыныпта алғашқы ұстазы аңғарыпты. 5-ші сыныптан мерзімді басылымдарға әзіл суреттерін жібере бастаған. Алайда, олар газетке бірден жарияланбайды.

Бағдат Сардарбеков, Арқалық қаласының тұрғыны:

- Бірақ, сол кісілер сол кезде «қолыңнан келмейді, енді салма», деп бетіңді қайтармайды. «Мүмкіндік болса, сала бер, 20-сын салып, жақсысын жібер»,- деп сөзбен шабыт беріп отырады.

 

Алғашқы туындысы 16 жасында басылым бетіне шықты. Кейін өмірдің түйткілді тұстарын бейнелеген жүздеген карикатурасы жарияланды.  Жақында барлық туындылары жинақталған кітабы баспадан шығады. Айта кету керек, екі ұлы да әке жолын қуып жекпе-жек шебері атанған. Қазір екеуі де құқық қорғау саласында қызмет етеді. 

 

Дәуренбек ӘБДІБЕК

 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу