Дарынды шахматшы Бибісара Асаубаева елге оралды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дарынды шахматшы Бибісара Асаубаева елге оралды

01.03.2019

Дарынды шахматшы, 5 дүркін Әлем чемпионы Бибісара Асаубаева елге оралды. 15 жастағы спортшы анасымен бірге бүгін Ақтауға ұшып келді. Ол бұдан былай жарыстарда Ресейдің емес, Қазақстанның намысын қорғайды.

Алғашқы алтын медалін 6 жасында ұтып алған Бибісара соңғы 2,5 жылда Ресей шахмат федерациясының құрамында болды. Бибісара онда үздік шахмат мектебінде оқып, білікті жаттықтырушылардан тәлім алған. Бірнеше әлемдік деңгейдегі чемпионаттардың жүлдегері атанды. Спорттағы жетістігі үшін ол әлем бойынша әйелдер арасында ең жас ФИДЕ шебері атанды.

Дарынды спортшы жуырда Қазақстан шахмат федерациясының құрамына ауысты. 4 наурызда Астанада өтетін шахматтан әйелдер арасындағы Әлем чемпионатында Қазақстан құрамасында болады.  

Бибісара Асаубаева, шахматтан Әлем чемпионы:

- Мені АҚШ-қа шақырғаны рас. Бірақ ол ұсыныстан бас тарттым. Өз елімнің атынан шығып, медаль әкелгенім жөн деп шештім. Алда жоспарым көп. Астанадағы чемпионаттан кейін, Біріккен Араб Әмірлігінде Шарджа қаласында өтетін Әлем чемпионатында ең жоғары көрсеткішке қол жеткізуді көздеймін.

Анвар Шайхымов, Шахматтан аға жаттықтырушы:

- Бибісара Маңғыстаудың атынан шығатын болған соң, көп уақытын Ақтауда өткізеді. Біздің балалармен бірге жаттығады.

Аягөз ОРАЛБАЙҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу