Дарынды шахматшы Бибісара Асаубаева Қазақстанға оралды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дарынды шахматшы Бибісара Асаубаева Қазақстанға оралды

01.03.2019

Дарынды шахматшы, 5 дүркін Әлем чемпионы Бибісара Асаубаева елге оралды. 15 жастағы спортшы анасымен бірге бүгін Ақтауға ұшып келді. Ол бұдан былай жарыстарда Ресейдің емес, Қазақстанның намысын қорғайды. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов шахматшы қыздың атында мектеп ашылатынын қуана хабарлады.

Туған жерге аяқ басқан Бибісараны маңғыстаулықтар қуанышпен қарсы алды. Алғашқы алтын медалін 6 жасында алған Бибісара Асаубаева соңғы 2,5 жыл Ресейдің атынан өнер көрсетті. Шахмат федерациясының құрамында білікті жаттықтырушылардан тәлім алды. Оған спорттағы жетістігі үшін әлем бойынша әйелдер арасындағы ең жас ФИДЕ шебері атағы берілген. Қазақстаннан бөлек, АҚШ-тан да шақырту келіпті.

Бибісара Асаубаева, шахматтан 5 дүркін Әлем чемпионы:

- Мені АҚШ-қа шақырғаны рас. Бірақ ол ұсыныстан бас тарттым. Өз елімнің атынан шығып, медаль әкелгенім жөн деп шештім. Алда жоспарым көп. Астанадағы чемпионаттан кейін Біріккен Араб Әмірлігінде Шарджа қаласында өтетін Әлем чемпионатында ең жоғары көрсеткішке қол жеткізуді көздеймін.

Әнуар Шайхымов, шахматтан аға жаттықтырушы:

- Бибісара Маңғыстаудың атынан шығатын болған соң, көп уақытын Ақтауда өткізеді. Біздің балалармен бірге жаттығады.

Ақтауда жас таланттың атында шахмат мектебі ашылады. Бүгін Бибісараны жеке қабылдаған облыс әкімі Ералы Тоғжанов осылай деді.

Ералы Тоғжанов, Маңғыстау облысының әкімі:

- Бұйырса 12 тамызда 5 елдің қатысуымен үлкен турнир ұйымдастырайық. Саммиттің жалғасы ретінде ТМД елдерінің командалары бақ сынасады. Саған көмектесеміз. Осылайша Маңғыстауда Қазақстанның атынан шығасың.

Дарынды спортшы жуырда Қазақстан шахмат федерациясының құрамына ауысты. Енді 4 наурызда Астанада өтетін шахматтан әйелдер арасындағы Әлем чемпионатында ел намысын қорғайды.

Аягөз ОРАЛБАЙҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу