Алматы облысында ұлттық ат спорты түрлерінен Азия чемпионаты өтіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында ұлттық ат спорты түрлерінен Азия чемпионаты өтіп жатыр

18.04.2019

Жарысты аймақ әкімдігі мен Ұлттық спорт қауымдастығының өкілдері ұйымдастырып отыр. Шараға Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі де қолдау білдірген.

Чемпионатқа Қазақстан, Ресей, Қытай, Венгрия, Монғолия, Малайзия, Түркия, Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстанның мықты спортшылары қатысып жатыр. Олар көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату сайыстарында бақ сынап, байрақты бәсекенің жүлделерін сарапқа салады.

Рахат Жақсыбай, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры:

- Шетелдік спортшыларға жас мөлшері бойынша жеңілдік берілген. Себебі бұл - біздің ұлттық спортымыз. Өзге елдерде жастар құрамасы жоқ. Сондықтан оларға мүмкіндік бердік. Біздің құрамаға оңай болмайды. Себебі олар өздерінен 4-5 жас үлкен спортшылармен сынға түседі.

Талғар ауданының Панфилов кентіндегі атшабарда басталған жарыс алты күнге созылады. Сәуірдің 21-і күні финалдық ойындар мен чемпионаттың жабылу салтанаты өтеді. Ал, бүгін көкпаршылар тартысқа түсті.

Рұм Әуезханұлы, Моңғолия көкпар қауымдастығының президенті:

- Чемпионатқа 30-ға жуық адам алып келдік. Өтіп жатқан барлық сайысқа қатысамыз. Біз үшін үлкен жетістік деп ойлаймын. Жалпы, біздің мемлекетте аталған спорт түрлері қарқынды дамып келе жатыр. Жыл сайын түрлі ауқымды жарыстар ұйымдастырып тұрамыз.

Жастар жылы аясында ұйымдастырылған дүбірлі доданың жүлде қоры - 16 000 000 теңге. Ал, енді алты күн бойы көрермендер шабандоздар мен сұрмергендердің, білекті де шапшаң қимылды жігіттердің өнерін тамашалайды.

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу