«Лондоннан Нұр-Сұлтанға велосипедпен». Халықаралық шеруге қатысушылар бүгін Брюссельге жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Лондоннан Нұр-Сұлтанға велосипедпен». Халықаралық шеруге қатысушылар бүгін Брюссельге жетті

03.05.2019

Қазақ географиялық қоғамының өкілдері 29 сәуірде Ұлыбритания астанасынан жолға шыққан болатын. «Бейбітшілік және бірлік» деп аталатын халықаралық шеруге қатысушылар бүгін Брюссельге жетті. 8 адамнан құралған команданы еліміздің Бельгиядағы елшілігінің ұжымы мен Корольдіктің достық велосипедшілер клубының басшылығы қарсы алды. Елші Айгүл Құспан жолдан шаршап келген жастарға қонақасы беріп, сәт сапар тіледі.

Бельгиялық велосипедшілер клубының өкілдері де қазақстандық қыз-жігіттерге кәдесый үлестіріп, болашақта ынтымақтастықты арттыруға уағдаласты. Спортты жанына серік еткен жастар екі айдың ішінде 7 мемлекет пен 50 қаланы араламақ ниетте. Жастар барлығы 6 мың шақырымды бағындырып, 6 шілдеде Нұр-Сұлтанға жетуді жоспарлап отыр.

 

Дәулет Омаров, велошерудің көшбасшысы, Қазақ географиялық қоғамының жобалар менеджері:

- Мақсатымыз - Қазақстанды басқа елдерге таныстыру және Қазақстандағы велотуризмді насихаттау. Барған жерімізге айтып жүреміз. Сыйлықтар бар Қазақстаннан келген, шоколад, құрт. Бәріне таратып жүреміз.

Роберт Моерман, Бельгия Корольдігі достық велосипедшілер клубының президенті:

- Велосипед тебу - денсаулыққа өте пайдалы. Мысалы, мен қазір 87-демін, жұбайым 85-те. Екеуміз 60 жылдан бері велосипед теуіп келеміз. Осы екіаяқты арбамен Еуропаның біраз елін араладық. Қазақстандық жастардың да салауатты өмір салтын насихаттап жүргеніне қуаныштымыз. Сапарлары сәтті, ғұмырлары ұзақ болсын деймін.

Нұрсұлу ҚАСЫМ

Хабарламаларға жазылу