Қарағандыда даңқты майдангер Қазыбек Нұржановты еске алуға арналған жеңіл атлетикадан халықаралық турнир өтті. Байрақты бәсекеге 400-ге жуық спортшы қатысты. Қазыбек Нұржанов атындағы жеңіл атлетика турнирі Беларусь елінде 40 жыл бойы үздіксіз өткізіліп келеді. Биыл бұл эстафетаны жерлестеріміз алып, алғаш рет туған өлкесінде ұйымдастырды.
Тарихи деректерге үңілсек, Волковыск қаласын азат ету кезінде Қазыбек Нұржанов басқаратын взвод жау тылын бұзып кіріп, 100-ге жуық фашисті қолға түсірген. 1944 жылы кескілескен ұрыстардың бірінде өзі де мерт болады. Кейін оған Кеңес Одағаның Батыры атағы берілді. Даңқты батырдың туғанына биыл - 100 жыл. Қазір Волковыск қаласындағы ең үлкен көшелердің бірі Қазыбек Нұржановтың есімімен аталады. Сондай-ақ, былтыр батырдың еңселі ескерткіші бой көтерді.
Есен Төлтаев, облыстық жеңіл атлетика мектебінің директоры:
- Бұл турнир халықтар достығының нығаюына және биылғы Жастар жылының бағдарламасына сәйкес ұйымдастырылып, жастардың денсаулығын арттыруға, екі елдің ынтымақтастығына себеп тигізеді.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ