Щучье қаласында дене шынықтыру және спорт саласындағы келісім қатысушылары кеңесінің отырысы өтіп жатыр. Бұл келісімге Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері мүше. Жиынның барысы туралы Ермек Елберген баяндайды.
Ермек Елберген, тілші:
- Кеңес отырысында алдымен қатысушы мемлекет өкілдері өздерінде атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндады. Біздің мамандардың мәліметінше, елімізде бұқаралық спортпен шұғылданатындар үлесі 30 пайызға жеткен. Алматы облысында олимпиадалық даярлау орталығы, Нұр-Сұлтан қаласында олимпиадалық база салынып жатыр. Сондай-ақ, республика бойынша 100 спорт кешенін салу жұмыстары жүргізілуде. Отырыста допингке қарсы күрес те талқыланды.
Елсияр Қанағатов, Ұлттық олимпиада комитеті спорт дирекциясының директоры:
- Қазақстанда министрлік өз тарапынан Парламентке осы заң жобасын кіргізіп жатыр. Жұмыс тобында Ұлттық олимпиада комитетінің өкілдері де бар. Сондықтан допингпен күресу керек. Жан-жақты бірігіп күресу керек.
Ермек Елберген, тілші:
- Жиынның басты мақсаты — сыртқы байланысты нығайту, өзара тәжірибе алмасу. Қазақстандық тарап әріптестеріне спорт саласында сандық жүйені кеңінен енгізуді ұсынды. Сондай-ақ, осы жолы дене шынықтыру және спорт саласындағы келісім қатысушыларының 2021-2030 жылдарға арналған әріптестік стратегиясының жобасы қабылданды. Құжат бойынша ТМД елдері оқу-жаттығу жиындарын бірлесіп өткізуді көздейді. Алдағы уақытта федерация деңгейінде тағы келісімдер жүргізілмек.