Еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің ұлттық ойындары мектептерде үйретілуі мүмкін. Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев осындай бастама көтерді. Бүгін елордада ұлттық үстел ойындарының фестивалі өтті. Онда бұрын-соңды көрсетіліп, кең насихаттала қоймаған спорт түрлері таныстырылды.
Мэмо. Хато. Экият. Ур. Дрендел. Бұл атаулардың барлығы біз үшін таңсық. Алайда қазақ жерін мекен етіп жатқан түрлі ұлт өкілдерінің ұлттық ойындары. Достық үйінің алаңы бүгін сол ойындардың алаңына айналды.
Көпшіліктің назары бірден башқұрдың қаппен ұру ойынына түсті. Ат үстінде отырып, тепе-теңдікті сақтау арқылы қарсыласына есе жібермеуге үйретеді.
Закир Бекмухаметов, Башқұр мәдени орталығының өкілі:
Ат үстінде күресу ойыны бізде бұрыннан бар. Көшпелі тұрмысымыздан көрініс береді. Балаларды ойнату арқылы спортқа баулып, қорғануды үйретеміз.
Үстелдің үстінде ойнап, ой қорытатын тәсілдерге негізделген ойын түрлері тым көп. Олар бір-біріне мүлдем ұқсамайды.
Әсима Нұрбайқызы, тілші:
Бұл - өзбектің ежелден келе жатқан ұлттық ойыны. Чаппа деп аталады. 5 тас керек ол үшін. 5 саусаққа есептелген. Балалар үшін өте пайдалы деп есептейді. Өйткені ептілікке үйретеді, математикалық ойлау қабылеттерін арттырады. Денсаулықтарына да пайдалы деп есептеледі.
Тап осы ойынға бүгін ұсыныс түсті. Республикалық жарыстарда спорт түрлерінің тізіміне қосып, жастар арасында кеңінен ойнату жоспарлануда. Ал жалпы бүгінгі таныстырылған ұлттық ойындардың дені болашақта білім беру мекемелерінде пайдаланылуы мүмкін.
Жансейіт Түймебаев Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары:
Балабақшаларда, мектептерде, колледж, ЖОО-да оқытып, дамытқан дұрыс. Біріншіден, мақтаныш. Екіншіден, Қазақстанды мекендеп жатқан халықтар үшін де ойындардың санын көбейту. Бұл жай ойындар емес, ойлау жүйесін әрі қарай дамытады, ұлттардың арасын бекітеді.
Фестиваль аясында қазақтың ұлттық ойындарының бірі асық атудан шеберлік сабағы өткізілді.
Әсима НҰРБАЙҚЫЗЫ