Металлургияның майталманы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Металлургияның майталманы

06.03.2013
Металлургияның майталманы

Ал, Өскемен қаласының тұрғыны Жанна Айтпаева саналы ғұмырын металлургиялық өндірісті өркендетуге арнаған жан. Ол жас кезінен-ақ металлург болуды армандап, осы кәсіптің қыр-сырын үйрететін арнайы оқуға түседі.

 
Дипломын алған соң Шығыс Қазақстандағы металл шығаратын зауыттардың біріне жұмысқа орналасады. Еңбек жолын қарапайым қызметкерден бастаған ол  қазір металлургия саласының майталман маманы, әрі білікті басшы.
 
Жанна Айтпаева - Алматыдағы қазақ политехникалық институтының түлегі. Аталған оқу орнын осыдан 28 жыл металлург мамандағы бойынша тәмамдаған. Жолдамамен Өскеменге жіберіліп, қаладағы зауыттардың біріне жұмысқа орналасады. Еңбек жолын қарапайым бақылаушыдан бастапты. Қазіргі таңда, металл өндірісін мықты меңгерген мамандардың бірі.
 
Жанна Айтпаева, металлург:
Бұл мыс зауытының анод шығару цехы деп аталады. Анодты мысымызда 99 пайызды таза мыс бар. Алынған анод электролиз цехына жіберіледі, ол жерде оны қоспаларынан айырып, 99,995 пайызды мыс аламыз.
 
Жанна Нәбиқызы кәсіби еңбек жолының талай асуынан өтті. Цехтың аға мастері болып жұмыс істеген. Құрамында 250-ден астам маман бар техникалық зертхананың бастығы да болыпты. Былтырдан бері зауыт қызметкерлерінің біліктілігін арттыратын, қайта оқытып жаңа мамандықтарға үйрететін үлкен бөлімді басқарады. Ол қай қызметте болса да, өз ісінің шебері ретінде танылған.
 
Амангелді Тыныбаев, әріптесі:
Жауапкершілігі мол, білікті маман. Басқару қызметін жақсы меңгерген. Мінезі өте ашық.
 
Жанна Айтпаева жұмыс істейтін кәсіпорында барлығы 25 мың адам сан алуан мамандық бойынша еңбек етеді. Кілең экспортқа кететін металл өнімдерін шығару үшін мамандар үнемі біліктіліктерін арттырып, түрлі курстарға қатысып тұрады. Осы оқуларды ұйымдастыру, шетелден мықты ғалымдарды шақырып, семинарлар өткізудің барлығына Жанна Нәбиқызының бөлімі жауап береді.
 
Жанна Айтпаева, металлург:
Металлургия саласында еңбек етіп жүргеніме өте қуаныштымын. Осы салада жүріп, еліміздің одан әрі өркендеуіне аз да болса өз үлесімді қосып жүргеніме бақыттымын.
 
Саналы ғұмырын өндірісті өркендетуге арнап, осы салада әлі күнге дейін жемісті еңбек етіп жүрген кейіпкеріміз Жезқазған өңірінде дүниеге келген. Сол жақтағы мыс өндіру ісін жастайынан көріп өскендіктен, металлург болуды армандапты.
 
Бүгінде сол арманы орындалған бақытты жан. Өмірлік жарын осы мамандыққа оқып жүргенде кездестіріпті. Қазір металлургияның майталманы ғана емес, балалы үйі базарға айналған алтын шаңырақтың қадірлі отанасы.
 
 
Берік КӨШЕРБАЕВ

Хабарламаларға жазылу