80 жастағы хирург әлі күнге дейін ота жасайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

80 жастағы хирург әлі күнге дейін ота жасайды

08.03.2013
80 жастағы хирург әлі күнге дейін ота жасайды

Павлодарда жасы сексенге келген хирург әлі күнге дейін операция жасайды екен. Ардақты ана, білікті дәрігер Пәну Кәкеновамен танысқан адам еріксіз таңдай қағады. 55 жыл ішінде хирург ретінде 25 мыңға жуық опреация жасаған.

 
Жасы сексенге келсе де, қолынан скальпельді тастамай, Гиппократ антына адалдықпен жұмыс істеп жүр. Мәселен, бүгінгі мереке күні тағы бір күрделі операция жасады. Сондықтан бұл жолы да танымал хирург үйінде емес, әдеттегідей жұмыс орнында.
 
Ардагер дәрігерді күн сайын арнайы іздеп келетіндердің қарасы үзілмейді екен. Бүгін де солай болды. Хирург көп күттірді. Операция ұзаққа созылса керек. Өңінен сәл шаршағаны аңғарылады. Бірақ, сырқат жан өміріне енді қауіп жоқ.
 
Пәну Кәкенова, ҚР Денсаулық сақтау саласының үздігі: 
55 жыл дәрігермін. Сонда көлемі 25 мыңдай операция жасадым. Және ауылда мен тек қана хирург болған жоқпын. Мен балаларды емдедім, терапевт болдым. Акушер-гинекологтың да жұмысын істегенбіз.
 
Пәну Кәкенова хирургтік қызметімен қоса көп жылдар бойы Семей медициналық институтында сабақ берді. 25 мыңға жуық студенттерді дәрігер мамандығына дайындаған. Солардың жартысына жуығы хирургтер. Сағит Иманғазинов шәкірттерінің бірі.
 
Бүгінде ол да ұстазы сияқты профессор. Болашақ дәрігерлерді оқытады. Пәну Кәкенованың мықтылығы әлі күнге дейін операция жасайды. Ал, біз скальпель ұстауға жүрексінетін болдық, дейді ол.  
 
Сағит Иманғазинов, Семей медициналық университеті Павлодар филиалының директоры: 
Пәну Ілиясқызы аңыз адам деп айтуға болады. Қазақ қыздарының ішінен алғашқы болып осы 80-ге келгенше өзінің операциялық жолын әлі жалғастырып келе жатыр.Үлкен бір ғана дәрігер.  
 
Пәну Кәкенованың еңбек демалысына шыққанына 20 жылдан асса да сүйікті мамандығынан бір сәтке де қол үзген емес. Табиғатынан туа біткен талант, деп осындайда айтылса керек. Әлі күнге дейін сырқаттар «қолы жеңіл хирург», деп Пәну Кәкенованы іш тартып тұрады.
 
 
Болат АМАНБАЕВ

Хабарламаларға жазылу