Қаржы орталығына айналған Алматыда ақша жасаудың әртүрлі амалы бар. Бірі - адал еңбек, маңдай термен тапса, бірі - заңсыз, жан қинамай-ақ жеңіл жолмен немесе жемқорлықпен ақша жасайды.
Өткен жылы осындай 1 мың 245 қылмыс тіркелген. Мәселен, жыл басталмай жатып, Қаржы полициясы Мұратбаев көшесіндегі пәтерлердің бірінен астыртын цех жұмысын анықтады.
Жедел іс-шара нәтижесінде бұрын жалған ақша жасағаны үшін сотталған Пышнограев пен Книжниковты ұстады. Жалға алған пәтерлерін тінту барысында жалған ақша жасауға қажетті құрылғылар, компьютерлер мен 2 мың, 5 мың теңгелік ақша номиналдарының трафареттері табылды.
Сонымен бірге үйдегі жиһаздың астыңғы жағынан А4 форматында шығарылған 2000-5000 теңгелік жалған ақшалар анықталды.
Әмірхан Аманбаев, Алматы қаласы бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің басшысы:
Ақша жасап оны сату деректері бойынша біздің Алматы қаласында 4 топ ұсталды. 2013 жылы жалпы сомасы 7 миллионға таяу ақша тәркіленсе, 2012 жылы 16 миллион болатын. Қазіргі жағдайда үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы жылдың қаңтар айында біздің жедел тобымыз 2 топты ұстады.
Жазира ИСАЕВА