Елордадағы игі шаралар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордадағы игі шаралар

01.01.2014
Елордадағы игі шаралар
Астанада 2013 жылы көптеген игі шаралар атқарылды. Мәселен, халықтың сұранысын қанағаттандыру мақсатында ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері ұйымдастырылып, оған республиканың әр аймағы өзінің барын әкелуге тырысты. Сондай-ақ, өңірлер арасында байланысты нығайта түсу үшін облыстардың мәдени күндері өтті.
 
«Барлық іске жұмылдырылған құрылымдар жұмыс істеуде, алайда олардың арасында үйлесім жоқ сияқты әсер қалыптасады. Ауыл шаруашылығы министрлігі, әкімдіктер, «ҚазАгро», Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар әрқайсысы өз беттерінше жұмыс істеуде. Сондықтан, мен осы мәселені қарастырып, жұмысты жалпы үйлестіруді Ауыл шаруашылығы министріне жүктеймін». Н. Назарбаев. 
 
Осыдан 5 жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астананың азық-түлік белдеуін жасауды тапсырған болатын. Президент тапсырмасын орындау, елордалықтардың сұранысын қанағаттандыру мақсатында Астанада жыл сайын дәстүрлі ауылшаруашылығы жәрмеңкесі өткізіліп келеді. Жәрмеңке биыл да жоғары деңгейде ұйымдастырылды дейді мамандар.
 
14-ші қыркүйек пен 9-шы қараша аралығында өткен жәрмеңкені Алматы және Шығыс Қазақстан облыстары бастаған болатын. Өзгенің өнімін таңсық еткенше, өзінікін артық етуді көздейтін шаруалар еңбегінің нәтижесі көрінді. Айта кетерлігі, биыл өткен жәрмеңкелердің ауқымы да үлкен, сатылған өнім де мол болды. Яғни, 50 пайызға көп.
 
Индира Бегайдар,тілші:
Жәрмеңкеде сатылған өнімнің жалпы көлемі 6 мың тонна. Жалпы,1 миллиард 400 миллион теңгеге тауар сатылды. Оның ішінде: 681 тонна ет, 150 тонна балық, 197 тонна сүт өнімдері, 4 мың тонна көкөніс бар.
 
Аймақтық жәрмеңкеге келушілердің саны 2 айдың ішінде 500 мың адамнан асқан. Ет, пияз, картоп, көкөніс алып, артынып-тартынып бара жатқан адам көп болды.
 
Республиканың 145 ауданынан, 27 қаласынан 1 мың 400 кәсіпкер қатысты. Ауылшаршуалығы өнімдерін сату үшін 41 киіз үй, 684 сауда шатыры орнатылды. Барлық өнімдер  15-40 пайыз арзандатылған бағамен сатылды.
 
Саржан Қуанышев, Астана қалалық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім басшысы:
Жәрмеңкелерде зейнеткерлерге, көпбалалы отбасыларға жеңілдіктер көрсетілді. Сондай-ақ, Астанадағы «Шапағат» әлеуметтік базарында жыл басынан бері 62 жәрмеңке өткізілді, 2 мың тонна өнім сатылды.
 
Халықтың игілігі үшін ұйымдастырылған шаралар мұнымен толастаған жоқ. Мәселен, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстары Астанада мәдени күндерін өткізіп, елорданы той-думанға бөледі.
 
Мәдениет күндерінің аясында «Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы» сериясымен 50 томдық кітаптың тұсауы кесілді. Ал, Шығыс Қазақстан облысы болса жастармен кездесу ұйымдастырып, қостанайлық көрермен өнерпаздар концерт қойды.
 
Индира Бегайдар, тілші:
Жылан жылы елорда халқы үшін жаңа жетістіктерге, толайым табыстарға толы болды. Келесі жылы да осындай игі істер жалғасын таба бермек.
 
Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу