Қызылордалық Аяповтар отбасында бүгін қос қуаныш. Өсіп-өнген жанұяның мүшелері төрт көздері түгел жылқы жылын қарсы алса, отанасы Қыздарай Аяпова 106 жасқа толды.
Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, немеренің қызығын көрген, шөбере мен шөпшектің қолынан су ішкен кейуананың ақ батасын алу үшін бүкіл бала-шағасы қарашаңыраққа жиналды.
Немере, шөбере, шөпшек барлығы әжесін айналшықтап жүр. Бірі жаңажылдық тақпақ, екіншісі ән шырқап әжелерін қуантуда. Ал ғасырдан ұзақ жасаған кейуана бақытты, бейбіт заманда бала-шағасының ортасында аман-есен отырғанына тәубе, дейді. Құттықтап келгендерге ақ батасын беріп, аналық ізгі тілегін айтады.
Қыздарай Аяпова, қала тұрғыны:
Жаңа жылдан жаңа жылға жете беріңдер.Әрқашанда амандық болсын. Халқымыз тыныш болсын! Балдарымыз күліп-ойнап жүрсін!
Жыл сайынғы дәстүр бұл. Жаңа жылдың алғашқы күнін отбасы бірге атап өтеді. Өйткені, осы күні Қыздарай әженің туған күні. Биыл кейуана 106 жасқа толды.
Бейсенбай Аяпов, баласы:
«Анасы барлар қартаймайды» деп жүрміз біз қартаймай. Немере, шөбере, шөпшек үбір-шүбір болып, осылай толып қаламыз. Шешеміз бізді көргеніне қуанып, иісімізден танып жатады.
Базаркүл - Қыздарай әженің кіші келіні. Жылдан жылға жас қосып жатқан қария оның төртінші баласы секілді. Мәпелейді, күтіп-баптайды. Бүгін Базаркүл таң атқалы тыным табар емес, келімді-кетімді адам, соларға дастарқанын жайып, құрақ ұшып жүр.
Базаркүл Исламқызы, келіні:
Үйде үлкен кісі болса, үйдің қазынасы, берекесі деп айтады ғой. Әжеміз біздің үйдің берекесі, қазынасы. Осы кісіні ренжітпеуге, өкпелетпеуге тырысамыз, бар жағдайын жасаймыз.
Өсіп-өнген шаңырақ расында да берекелі. Ұл-қыз бауырмал, абысындар тату, немере, шөбере, шөпшек үйдің базары. Барлығы екі ғасырдың куәгері болған аналарын алақанға салып, аялайды.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ