Арғымақ жылдың қасиеті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Арғымақ жылдың қасиеті

01.01.2014
Арғымақ жылдың қасиеті
Қазанат - ердің қанаты. Оны қолға үйрету тұңғыш рет шамамен 6 мың жыл бұрын Қазақстанның батысындағы далалық алқапта жүзеге асқан.
 
Голощекиннің «Ең бірінші қазақтарды жылқысынан айыру керек, сонда олардан жуас, бейшара халық болмайды» деген екен. Рас, жылқының дүбіріне, күліктің күмбіріне құлақ қойған алаш баласы ат құлағында ойнаған.
 
Төрт түліктің төресіне балаған қазақ үшін жылқы жылы қашан да жағымды жаңалықтарға толы болған. Биылғы жылдан да жағымды жаңалықтар күтеміз.
 
Ел есінде жылқы жылы болған ауыртпалық, қайғылы оқиғалар жоқ. Тарихқа көз салсақ, жұтсыз, жайлы болған.   Жыл иесі жылқы қиындыққа төзімді, күш-қуаты мол, еңбекқор, еркіндікті сүйетін жануар.
 
Сондықтан, шығыстық таным бойынша бұл жылы адамдардың көпшілігі табысқа жету жолында тынымсыз еңбек етеді, адамдар жомарт жылдың несібесін көреді дейтін сенім бар.
 
Жылқы жануары - жалғыз-жарым тірліктен гөрі, үйір-үйірімен жүргенді ұнатады. Сондықтан, кез келген елдік мәселені бірлікпен шешу мұратқа жеткізеді, - деп сенеді этнограф ғалым. 
 
Ахмет Тоқтабай, «Қазақ жылқысының тарихы» кітабының авторы, этнограф:
Жылқының ерекшелігі сол, қазақ халқы айтады, бұл бір кемшілігі бар тілсіз адам дейді. Бұл жылқы әлемде ең интеллектуалды жануар ғой. Ең мықты жылқылар өзінің иесіне келетін қауіп-қатерді 1 жыл бұрын біледі екен. Түйе үш жыл бұрын. Иттің өзі бір ай көлемінде біледі. Бұл нені білдіреді? Бұл жылқының кереметтей ақылды жануар екенін білдіреді.
 
«Жылқы - еңбекқор жануар. Сондықтан, бұл жылы адал еңбектенген адамның есесі кетпейді, жолы болады», дейді этнограф ғалым. Жылқы жылы көпшілікке шаңырақ көтеру, перзент сүю сынды үлкен өзгерістер әкелетін жайлы жыл көрінеді. Әсіресе, бұл жыл ғылым мен шығармашылық адамдарына аса сәтті болмақ.
 
Дәурен Дариябек, тілші:
Жазушы Асқар Сүлейменов: «Дарвин маймылдан жаралса жаралған шығар, біз арғымақтан жаралғанбыз» деген екен. Ат төбеліндей қазақтың ат жалын тартып мінген баласынан бабасына дейін бағы жанып, бастысы ат-көлік аман жыл болсын!
 
Дәурен ДАРИЯБЕК

Хабарламаларға жазылу