«Жаңажылдық ғажайып». Өскемендегі этнографиялық мұражайда осындай атаумен көрме өтіп жатыр. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын ерекше шараға өткен ғасырдың ортасы мен осы ғасырдың басында қолданыста болған әртүрлі сипаттағы жаңажылдық ойыншықтар қойылған.
Сонымен қатар, Аяз ата мен Ақшақарлардың көптеген түрлерін көруге болады. Барлық экспонаттардың саны 200-ден асады. Мұражай қызметкерлері келушілерді әрбір бұйымның тарихымен таныстырып, жалпы, жаңажылдық шыршаны кім және қашан алғаш рет ойыншықтармен безендіре бастағаны туралы айтып береді.
Шыршаға ілінетін жаңажылдық ойыншықтар уақыт өткен сайын өзгеріп жатқанымен, олардың міндеті өзгерген жоқ. Мұражайда қаладағы мектеп оқушылары және студенттер жасаған түрлі экспонаттар да бар. Ерекше көрме қаңтар айының соңына дейін жалғасады.
Наталья Самусенко, этнографиялық мұражай қызметкері:
Біз әр жыл сайын көрмені бір тақырыпқа арнап өткіземіз. Мысалы былтыр, «Жаңажылдық ертегі» деп аталған. Әрбір сөре қандай да бір ертегінің мазмұнына орайластырылып безендірілген болатын. Ал биыл сәндік-қолданбалы өнерге ерекше назар аудардық. Өйткені, шеберлер өз қолымен жасаған бұйымдар отбасылық мерекенің мәнін арттыратыны сөзсіз. Адамдардың бойында шығармашылыққа деген қызығушылық та артып, өздерінің жақындары мен таныстарына осындай нәрселер жасап беруге ұмтылады деп ойлаймыз.
Берік КӨШЕРБАЕВ