«Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер»

03.01.2014
«Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер»
Атаның өсиетін ұғып, шешенің қасиетін бойына сіңіріп өскен ұрпақ ешқашан қор болмайды. Сол үшінде балаға тал бесіктен бастап ұлттық тәрбие беру парыз.
 
Жаңа жылды жақсы үмітпен қарсы алып, мерекелік демалыс күндері немере-шөберелерін жинап, өмірден түйген ұлағатын ұрпағына насихаттау - Қостанайдың тұрғыны Маудановтар отбасының бұлжымас дәстүрі.
 
Отанасы Биғанша Қарина немерелеріне киім тігіп беріп қана қоймайды. Осы өнерді үйретуге тырысады. «Мені ісмерлікке баулыған нағашы әжем» деп еске алады өзі. Бүгінде оған туған-туыстан тапсырыс көп түседі.
 
Биғайша Қарина, Қостанай қаласының тұрғыны:
Мысалы, шабадан дегенде тігіс көп, содан тапсырыс береді. Шабадан қазақтың жүк, көрпе салатын бұйымы. Соларды мен бір-екі күнде тігіп беремін. Әсіресе, осы шабаданға сұраныс көп.
 
Фазылхан Мауданов - 50 жыл бойы байланыс саласында еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан. Өнерден де құралақан емес. Бүгінгі мұраты - қазақы әуендерді немерелерінің құлағына құю.
 
Ақсақал кезінде қоғамдық өмірге белсене араласты. Еңбегі жанып заманында «Еңбек Қызыл Ту» орденімен де марапатталды. «Маңдай теріңді төксең, марапатсыз қалмайсың». Атасының немерелеріне айтары осы.
 
Фазылхан Мауданов, Қостанай қаласының тұрғыны:
Жұрттың сәлемдемесін ұшақтан жаяу тасыған күндер де болды. Оның бәрі қазір артта қалды. Әр адам өз заманының перзенті болуы керек ғой, біз өз заманымызға лайық қызмет істеуге ұмтылдық.
 
Арнас Қазымбеков, Фазылхан ақсақалдың немересі:
Осы үйге жиі келіп тұрамын. Атамның айтқанын тыңдаймын әрине, бәріне үйретеді. Жетістіктерге де жетіп тұрамын атамның арқасында.
 
Жаңа жыл күні ата-әжесінің шаңырағынан дәм татып, олардың өнегесін тыңдауға немерелері де асығып тұрады. 54 жыл отасып, 11 баланы өмірге әкелген ата - ана «Ел аман, жұрт тыныш болсын» деп тілейді.
 
Сәби шақтары соғыс уақытымен тұспа-тұс келген қариялар перзенттеріне бақыттың бастауы - бейбітшілік екенін айтудан жалыққан емес.
 
Дәуренбек ӘБДІБЕК

Хабарламаларға жазылу