Құбылмалы ауа райының салдарын жою жалғасуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құбылмалы ауа райының салдарын жою жалғасуда

03.01.2014
Құбылмалы ауа райының салдарын жою жалғасуда
Құбылмалы ауа райы Батыс Қазақстан облысының тұрғындарына қолайсыздық тудыруда. Электр сымдары үзіліп, бірнеше мың отбасы Жаңа жыл мерекесін жарықсыз қарсы алса, көктайғақ та көлік қозғалысына кедергі келтіріп отыр. Қазір желіні қалпына келтіру шаралары мен көктайғақтың салдарын жою жұмыстары қолға алынған.
 
Жаңа жыл мерекесінің қарсаңында облыста күн күрт суытып, ауа ылғалдылығы артқан болатын. Соның салдарынан мұз болып қатқан электр желілері әр  жерінен үзіліп, 26 елді мекенде 11 мыңнан астам шаңырақ бір аптаға жуық жарықсыз қалды. Қалпына келтіру жұмыстары қаңтардың 2-де аяқталғанымен, қазір қайта жалғасты.
 
Қуат Мусин, «Батыс Қазақстан ЭЖТК» АҚ директоры:
26 елді мекенге түгелдей бердік. Бірақ, айтып тұрмын ғой, қазір оларды қайта айырып, жаңадан сымдарын ауыстырып жатырмыз. Себебі, оны біз уақытша бердік. Енді тұрақты болу үшін жаңа құралдарын қойып жатырмыз.
 
Мереке күндері «Қазавтожол» кәсіпорны қызметкерлерінің жұмысы да қауырт болды. Олар түгелдей дерлік көктайғақтың салдарын жоюға жұмылдырылды. Жол бойына құм себіліп, жылыту орындары дайындалды.
 
Тұрар Разғалиев, жүргізуші:
Күндіз ерітеді, кешкісін қатырады. Кейбір жерлер жақсы, қара жері шығып жатыр. Кейбір жерлер мұз болып қатқан, тайғанақ.
 
Республикалық тас жолдардың қар басып қалу қаупі бар аумақтарына қалқандар орнатылды.
 
Ізтұрған Қайыров, Жол пайдалану кәсіпорнының бас инженері:
Самара-Шымкент тас жолының 203-ші шақырымында 2 шақырым бойы осындай жол тақтайшаларын қоямыз қарды ұстау үшін. Қыс мезгіліне қазір 4800 тонна құм араласқан тұз дайындадық. Жол техникалары 100 пайыз дайын тұр.
 
Қазір облыстағы жағдай қалыпты. Төтенше жағдайдың алдын алуға жауапты мекемелердің кезекші бөлімдері тәулік бойы жұмыс атқаруда.  
 
Рауан ДИӘЛИ

Хабарламаларға жазылу