Еліміздің 11 облысында күн күрт суытады. Солтүстік Қазақстаннан шығатын барлық бағыттар бойынша жолаушылар көлігі және дизельді жүк көліктерінің қозғалысы тоқтатылды.
Ал Ақмола облысында ауа температурасының төмендеуіне байланысты 3 жүк көлігінің дизель отыны қатып, жолда қалған. Құтқарушылар 5 адамды қар құрсауынан босатып алды. Сондай-ақ, елордада да дауылдық ескерту жарияланды.
«Қазгидромет» орталығының хабарлауынша, Астанада 4-5 қаңтар аралығында ауа температурасы түнде -31-33 градус, күндіз -26-28 градусқа дейін төмендейді.
Ал Қостанай, Ақтөбе, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарында түнде -30-35, кей жерлерде -38 градусқа дейін, күндіз -23-28, кейбір аймақтарда -31 градусқа дейін суытады.
4-6 қаңтар аралығы Қызылорда облысында түнде -20-25, кей жерлерде -30, күндіз -15-20, кейбір жерлерде -23 градус аяз болады. 5-6 қаңтарда Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарында ауа температурасы түнде -15-20, кей аймақтарда -25, күндіз -10-15 градусқа дейін төмендейді.
Ал 5-6 қаңтарда Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында сынап бағанасы түнде -30-35, күндіз -23-28 градусты көрсетеді.
Айдана ҮСЕНБАЙ