Түркістанда 180 әлеуметтік нысан пайдалануға берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістанда 180 әлеуметтік нысан пайдалануға берілді

06.01.2014
Түркістанда 180 әлеуметтік нысан пайдалануға берілді

Тұрғындар саны 250 мыңнан асып жығылатын Түркістан қаласында жылдан жылға елдің өмір сүру деңгейі жақсарып келеді. Өткен жылдың соңында көне шаһарда тағы бірқатар жаңа әлеуметтік нысан ел игілігіне тапсырылды.

 
Жаңа жыл қарсаңында онда заманауи құрал-жабдықпен қамтылған емхана, бірнеше білім беру мекемесі мен қолөнер орталығы жұмыс істей бастады. Осыған дейін Түркістанда небәрі 100 мың адамға қызмет көрсететін жалғыз қалалық емхана жұмыс істеп келді.
 
Тазалық талаптарына сай келмейтін ғимаратта тұрғындар ұзын-сонар кезекте тұрып дәрігер алдына әрең жететін жағдайда болған. Ал енді, жаңа денсаулық нысаны ауысымына 500 адам қабылдай алады. Құрылысқа республикалық бюджеттен 967 миллион теңге бөлінген.
 
Жарылқасын Әзіретбергенұлы, Түркістан қаласы ақсақалдар алқасының төрағасы:
Кеңес  Үкіметі тұсында діндар қала деп, көп жағдайда бізді өсірген емес. Ал енді тәуелсіздіктен кейін күніміз туды. Жақында газ келді, енді емхана келді. Сол үшін Түркістан халқы қуанышта.
 
Ескі Сауран елді мекенінде Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектептің 150 орындық жаңа ғимараты аймақтағы білім сапасын арттыруға үлес қосады енді. Мұнда оқушыларға бар жағдай жасалған. Жаңа нысанды салуға жергілікті бюджеттен 304 миллион теңге жұмсалыпты.
 
Осыдан бірнеше жыл бұрын шаһарда тарихи-этнографиялық мәдени орталық іске қосылса, бүгін қолөнер шеберлерінің орталығы ашылды. Ғимаратта арнайы естелік бұйымдар сатушыларға, қолөнер шеберлерінің шеберханасына, шәкірттердің тәлім алуына ыңғайлы орындар қарастырылған. Жаңа орталық жергілікті шеберлерге ғана емес, сырттан келетін туристерге де ыңғайлы болмақшы.
 
Қалмырза Тасов, шебер:
Түркістанды шеберлер қаласы десе де болады. Өйткені, бізде неше түрлі шеберлер бар, республика, халықаралық көрмелерде орын алған ұсталар бар. Солар өз тәжірибесін жастарға үйретеді.
 
Жылына көне шаһарға 700 мыңнан астам жан келіп-кетеді екен. Енді олар осы орталыққа келіп, қазақтың ұлттық қолөнерімен жақынырақ таныса алады. Туристерге қолайлы жағдай жасау үшін қалада тағы бір орталық бой көтеруде. Онда келімді-кетімді адамдарға арналған қонақүй, кинотеатр, асханалар  орналаспақ.
 
Нұржан МЕРГЕНБАЙ

Хабарламаларға жазылу