Петропавлда Жаңа жыл мерекесі қарсаңында балабақша пайдалануға берілді. Осыған дейін қалалық Еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі орналасқан бұл нысанға күрделі жөндеу жүргізіліп, мектепке дейінгі тәрбие ошағы болып қайта жұмысын бастады.
«Балапан» бағдарламасы аясында қайта ашылған балабақшаға «Балауса» деген ат берілді. Енді мұнда 4 топ, яғни 80 бүлдіршін тәрбиеленетін болады. Бұған қоса, тәрбиешілікке көбіне жас мамандар тартылды.
Айта кету керек, Петропавлда мектепке дейінгі білім ошақтарымен қамту әлі күнге дейін өзекті. Қазірдің өзінде 9 мыңнан астам бала кезекте тұр. Сондықтан, қазір жекеменшікке өтіп кеткен, немесе басқа мақсаттарда пайдаланылып келген ғимараттарды қайтару жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Облыс әкімі бүлдіршіндер мен ата-аналарды құттықтап, балабақшаға пианино сыйға тартты.
Балғын Мусина, «Балауса» балабақшасының меңгерушісі:
30 адамға жұмыс орны ашылды. Біз бүлдіршіндерді мемлекеттік тілде тәрбиелейтін боламыз.
Әсем Қабдолова қала тұрғыны:
Осындай ескі балабақша ғимараттарын қайта жандандырып, «Балапан» бағдарламасы бойынша балаларымыздың болашағын ойлап, қамқорлық танытып жатқандарына үлкен рахметімізді айтамыз.
Сағындық СӘБИТҰЛЫ