Мамандық таңдау – маңызды іс - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мамандық таңдау – маңызды іс

06.01.2014
Мамандық таңдау – маңызды іс

Биылдан бастап Өскемен қаласындағы мектеп оқушылары ірі зауыттар мен кәсіпорындарға өндірістік экскурсиямен барады. Олар осыған дейін мұндай жерлерде мұражайды ғана тамашалап қайтатын.

 
Ал енді нақты өндіріспен танысып, түрлі өнімдердің қалай жасалатынын көре алады. Бұл жердегі басты мақсат - жастарға дұрыс мамандық таңдауға жәрдемдесу.
 
Бұдан былай, балаларға кәсіп таңдауда бағыт-бағдар беру жұмысын осы өңірдегі кәсіпкерлер палатасы мен жергілікті атқарушы билік бірігіп жүргізеді. Осы орайда, Өскемен қаласының әкімі және кәсіпкерлер палатасының директоры арнайы меморандумға қол қойды.
 
Қос тарап қаладағы мектеп оқушылары арасында кәсіптік бағдарлау жұмысының жаңа үлгісін қалыптастырып, бұл іспен жүйелі түрде айналысуға бел буып отыр.
 
Темірбек Қасымжанов, Өскемен қаласының әкімі:
Біздің балаларды кәсіпорындарға апарып, ол жерлерде жасалып жатқан өнімдерді көрсетіп, тәжірбиесі мол мекемелердің жұмысымен таныстыру үшін осындай меморандумға қол қойып отырмыз.
 
Игорь Шацкий, ШҚО бойынша кәсіпкерлер палатасының директоры:
Қазіргі таңда мектеп оқушылары арасында кәсіптік бағдарлау жұмысы қаладағы кәсіпорындардың қатысуымен өту керек деп ойлаймыз. Балалар жастайынан өндіріс орындарында болып, жұмысты өз көздерімен көрсе, мамандық таңдауда қателеспейді. Ата-аналарымен де кездесулер ұйымдастырып, еңбек нарығына қажетті мамандар туралы ақпарат беріп отырамыз.
 
Берік КӨШЕРБАЕВ

Хабарламаларға жазылу