Ал Өскемен қаласындағы балғындар домбыра тартуды үйреніп, ұлттық өнерімізді дамытуға өз үлестерін қосып жатыр. Бұл ретте оларға, «Мұрагер» бағдарламасының шапағаты мол болып тұр. Музыка пәні мұғалімдерінің айтуынша, соңғы уақытта домбыра шертуді үйренуге ниет білдіргендердің қатарында өзге ұлт өкілдерінің балалары көбейіп келеді.
Талғат Әбішев музыка сабағының тәжірибелі мұғалімі. Соңғы 5 жыл бойы Өскемендегі жасөспірімдерге «Мұрагер» бағдарламасы бойынша домбра тартуды үйретіп жүр. Осы аралықта қаладағы екі мектепте барлығы 200-ге жуық баланың музыкалық сауатын ашқан. Айтуынша, ұлттық аспапта ойнаудың әдісін меңгеріп жатқандардың ішінде өзге ұлт өкілдерінің балғындары аз емес.
Талғат Әбішев, музыка пәнінің мұғалімі:
Түрік балалары, 7 орыс баласы, 1 қырғыз, татар балалары осы домбраны меңгеріп жатыр. Ең бастысы, ата-аналардың қолдауы жақсы болды, олар өз қаражаттарына домбыра алды.
Оқушылар қаймана қазақтың ұлттық аспабымен таңдарын аттырып, кешке домбыраны құшақтап ұйықтайтынын сол орыс сыныбындағы ата-аналар айтқан. Араларында, баласының өнерін одан ары дамыту үшін, қосымша, домбыра үйірмелеріне апарып жүргендер бар. Сондай баланың бірі - Данил Гречухин. Қазақша сайрап сөйлемесе де, бір күйді күмбірлетіп шертіп беретін шамасы бар.
Талғат Әбішевтің балаларды домбыраға баулудың өзіндік тәсілі бар. Күй шерту мен ән шырқауды үйретумен ғана шектелмей, музыкалық туындылардың тарихымен де таныстырады. Аңыздарды құр сөзбен айтпай, домбыраның үнімен жеткізеді. Бұл әдіс оқушының ой өрісі мен шығармашылық ынтасын дамытуға бағытталған. Тәрбиелік мағынасы да зор.
Ботагөз Нұрғожинова, бастауыш сынып мұғалімі:
Домбыраны шерте отырып, аттың шабысын, құстың ұшуын елестететін сияқты. Меніңше, табиғатқа деген, өз отанына деген сүйіспеншілік және патриотизм жоғары деңгейде болады деп ойлаймын.
Қазіргі таңда бұл мектепте 2 орыс сыныбы музыка сабағын «Мұрагер» бағдарламасы бойынша өткізеді. Балалар домбыраның құлағында ойнамаса да, «Келіншек» күйін күмбірлетіп, «Еркем-ай», «Қалаулым», «Сәулем-ай», «Гүлдерайым» әндерін айта алады. Ара-кідік мектептегі мерекелік шараларға қатысып, өз өнерлерін өзгелерге де паш етіп тұрады екен. Балалардың ендігі арманы - ансамбль құрып, үлкен сахнаға шығу.
Берік КӨШЕРБАЕВ