Қоян шаруашылығы құрдымға кетуі мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қоян шаруашылығы құрдымға кетуі мүмкін

08.01.2014

Қоян өсіретін кәсіпорын құрдымға кетуі мүмкін. Қостанай облысындағы Садчиков аулының тұрғыны Естай Маранов 2012 жылы 3 миллион теңге мемлекет грантын жеңіп алған болатын.

 
«Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша берілген бұл қаражатқа ол, қоянның еті мен терісін өндіретін кәсіпорын ашуы тиіс еді. Бірақ, жоба жүзеге аспады. Жұмыс алдағы жарты жылда жанданбаса, кәсіпкерге мемлекет қаржысын кері қайтару туралы талап қойылуы мүмкін.
 
Дәуренбек Әбдібек, тілші:
Жоба толық жүзеге асқанда, мына қоршаудың ішіне 11 қора салынып, қояндар саны 35 мыңға жеткізілуі тиіс еді. Ал олардан жылына 100 тонна ет өндірілуі керек-тін. Бірақ, мұның бәрі қағаз жүзінде қалды. Қазір қоршаудың ішінде қалқиып жалғыз қора тұр. Қояндар саны 150-ге әзер жетеді.
 
Сол азғантай қоянды да талапқа сай жәшіктердің ішіне салып ұстауға мүмкіндік жоқ. Күнделікті күтіп баптайтын адам болмағандықтан, қора ішіне бос жіберілген. Естай Маранов, берілген ақшаны уақтылы игеріп, жұмысты тәп-тәуір-ақ бастап еді. Оны тығырыққа тіреген 2013 жылы қыркүйек айында ветеринарлық талаптарға енгізілген өзгеріс.
 
Естай Маранов, кәсіпкер:
Мысалы, былтыр өзіме берілген аумақты биіктігін 1,5 метр етіп, сым тормен қоршадым. Енді жаңа талап бойынша қоршау биіктігі 2 метр саңылаусыз бітеу темір болуы тиіс. Сонымен қатар, екі бірдей дезинфекциялау нысанын салуым керек.
 
Бұл талапты орындау үшін 3 емес 7 миллион теңге қаражат қажет. Кәсіпкер жанталасып қосымша несие алуға әрекеттенді. Бәрі нәтижесіз.
 
Естай Маранов, кәсіпкер:
Қанша жерге бардым, бәрінің сұрайтыны біреу - кепілдік мүлік. Кепілге қояр мүлкім болмағандықтан, ешқандай қаржылық құрылымдар несие бермей отыр.
 
Ветеринарлық талаптар орындалмағандықтан, жоба ресми түрде қабылданбады. Ал жобаның уақытында қабылданбауы грантты иеленуші тарапынан келісім-шартты орындамау болып есептеледі. Сондықтан, аймақтық комиссия мемлекет қаржысын қайтару мәселесін қарады.
 
Татьяна Шабаева, Қостанай ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:
Жуырда ғана осы мәселеге байланысты комиссия отырысы болды. Жағдайды жан-жақты екшей келе, жобаны жүзеге асыру мерзімін тағы алты айға созуға шешім қабылдадық.
 
Жоба біржола құрдымға кетпес үшін кәсіпкер осынша уақыт ішінде қажетті қаржыны табуы керек. Оған бұл тұрғыда жергілікті билік өкілдері де көмек қолын созбаққа ниетті.
 
«Жығылғанға жұдырық». Қарды жалап, шөл басуға далаға шыққан қояндарды ауылдың қаңғыбас иттері қақшып кетіп жатыр. Ал әр қоян бір жыл ішінде төлімен қоса есептегенде, иесіне 100 мың теңге пайда әкеледі.
 
Дәуренбек ӘБДІБЕК

Хабарламаларға жазылу