Биылдан бастап Алматыда тірі шыршаны жалға беру үрдісі басталды. Бұдан былай Жаңа жылда кез келген отбасы тамыры шабылмай, топырағымен құмыраға отырғызылған жасыл шыршаны үйінің төрінде 2 аптадай ұстай алады.
Айта кету керек, жалға берілетін қылқан жапырақтының бағасы қолжетімді. Биіктігі 1 метрі - 15 мың теңге болса, 1,5-2 метрліктері - 25 мың теңге. Жасандыдай арзан емес, бірақ шабылған шыршамен құны тең. Ерекшелігі - бұл шыршалар, табиғаттан тамыры ажырамастан қайта егіледі.
Жылда Жаңа жыл мерекесін жасанды шыршамен қарсы алатын Ақмаржан бұл жолы тірі шыршаны таңдапты. Ғаламтор арқылы жалға тірі шырша беретін қызмет түрін тауып, 1 метрлігіне тапсырыс берген. Мереке алдында компания өкілдері үйіне арнайы ыдыстағы шыршаны әкелген. Міне, екі кісінің құшағы жетерлік шыршаны Ақмаржан 2 аптаға жуық ауық-ауық суғарып, қайтарғанша күтіп-бағуда.
Ақмаржан Көшербаева, әнші:
Шырша мәңгі жасыл тал. Ол Жаңа жылдың символы деп есептеледі. Жасанды шыршадан гөрі тірі шыршаны алғым келгенінің себебі - оның хош иісі бар. Жасылды жұлма, жастай соласың дейді. Қазақта мәңгі жасыл талды шауып алу дәстүрі болған жоқ. Сондықтан осы жоба қазіргі уақытта өте дұрыс деп ойлаймын.
Шынайы шырша жалға беріледі дегенді естіп шын қуанған жандардың бірі Талапқали Ізмұхамедов. Өз ғұмырында шабылған шыршаның талайын сатып алып, безендіріп, 2-3 аптадан соң сыртқа шығарып тастайтын отағасы, тың бастаманы қолдап отыр. Өйткені, қылқан жапырақтының денсаулыққа пайдасы мол, дейді дәрігер.
Талапқали Ізмұхамедов, қала тұрғыны:
Мен дәрігермін, шыршаның пайдасы бар деп санаймын. Өкпесі ауру адамдарға өте жақсы, аллергиясы бар адамдарға да ем.
Алматыда алғаш болып тірі шыршаны жалға беруді қолға алған компания өкілі Дәуреннің айтуынша, тұтынушылар жаңажылдық ағашты өздері қайта еккілері келеді. Ниет оң. Әйткенмен, шыршаны «өлтіріп» алмау үшін, кәсіби бағбандар еккені жөн, дейді.
Дәурен Жолдасбаев, ағаш өсіруші компания өкілі:
10 қаңтардан бастап біз оларды жинай бастаймыз. Жинап, қайтадан бейімдеп қаңтардың соңында немесе ақпан айында біз оларды отырғызамыз. Келесі жылы 200 шыршадай жалға береміз деп жоспарладық. Өйткені, осы шырашамыз біткеннен кейін, көптеген адамдар сұрады.
Жасыл шырша - Жаңа жылдың ғана емес, Алатау бөктеріндегі әсем Алматының көркі. Сондықтан, жалға берушілер бұл үрдісті экологияны қорғау дәстүріне айналдыруға шақырады.
Жазира ИСАЕВА