Үш баласын көшеде тастап кеткен көкек ана іздестірілуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үш баласын көшеде тастап кеткен көкек ана іздестірілуде

09.01.2014
Үш баласын көшеде тастап кеткен көкек ана іздестірілуде

Шымкентте қыстың күні көшеде жалғыз қалған үш балаға қатысты оқиғаға байланысты жаңа деректер белгілі болды. Сәбилерін далада қалдырған әйел 1992 жылы туған облыс тұрғыны болып шықты. Қазіргі таңда ол іздестірілу үстінде. Сондай-ақ, бұл мәселеге қатысты өзге де ақпараттардың беті ашылды.

 
Үш тастандының үлкені - Керемет облыстық кәмелетке толмағандарды оңалту орталығындағыларға бой үйретіп келеді. Тәрбиешілердің айтуынша, қыздың денсаулығы жақсы, тек, оның тәрбиесіне ешкім көңіл бөлмеген секілді.
 
Гүлфайруз Мұсаева, облыстық кәмелетке толмағандарды оңалту орталығының тәрбиешісі:
Баланың ой-өрысы өте төмен, өйткені, әлеуметтік жағдайы өте төмен болған деп ойлаймын. Санамақты үйреткенімізде, ойын барысында бала ешқандай өзінің ой-өрісінің жетістіктерін көрсете алмады
 
Керемет пен оның екі бауырын тастап кеткен анасының қайда екендігін қазір полицейлер анықтап жатыр. Ол табылса, аналық құқынан айрылуы мүмкін. Бұл жағдайда балалары жетімдер үйіне жөнелтіледі. Осы оқиғаның түп-тамырына жету үшін полицейлерге біраз тер төгуге тура келетін секілді. Өйткені, кей деректерге қарағанда, балаларды тауып алған Фарида Сариева оларға бөтен емес деген ақпар бар. 
 
Салтанат Қаракөзова, облыстық Ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы:
Тапқан адамдардың өзі сол әйелді таниды, біледі, балалардың сөздерінен, куәгерлердің сөздерінен анасының тұлғасы анықталды. Еш жерде жұмыс істемейді. Қазіргі уақытта жеңіл жүріспен айналысады деген ақпарат бар.
 
Бұл ақпаратты Фарида Сариеваның өзінен білейік деген әрекетімізден түк шықпады. Оны не үйінен, не жұмысынан таба алмадық. Ұялы телефоны да сөндірулі. Ал, көрші тұратын туысы Райгүл бұл ақпарат шындыққа жанаспайды деп отыр.
 
Бұл іс бойынша нақты қорытынды тергеу амалдары аяқталған соң белгілі болмақ. Ал, екі бауырын сағынған Керемет болса күні бойы терезе алдында көп тұрады. Өзіне таныс адам келіп, бауырларымен бірге үйге алып кеткенін күтеді қыз.
 
 
Нұржан МЕРГЕНБАЙ

Хабарламаларға жазылу